KITAPKHANA.KZ
kz ru

Күйші Исламбек Ысқақовтың туғанына 85 жыл толуына орай «Сырдың саңлақ күйшісі» атты еске алу кеші

     Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер бөлімі дәулескер күйші Исламбек  Ысқақовтың туғанына 85 жыл толуына орай «Сырдың саңлақ күйшісі» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Оның мақсаты - халқына қалтқысыз қызмет еткен күйшінің өмірі және шығармашылық жолымен таныстыру, сырлы да сазды күйлерін насихаттау.
   Ысқақов Исламбек 1930 жылы 17-ші тамызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қызылөзек ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.  1947 жылы  белгілі композитор, дирижер Н.Тілендиев басқарып барған Қазақстан орындаушыларымен бірге Мәскеу қаласында өнер көрсеткен. 1974 жылы Ысқақовтың орындауындағы күйлер республикалық радио мен теледидарға жазылып алынған. Оның «Паровоз», «Борыштымын», «Керек бізге бейбітшілік», «Тарту», «Күрішшілер биі», «Айналайын аналар», «Майданнан оралмағандарға», «Дутар сазы», «Түркімен сазы», «Мәңгі тірі», «Ой шақыру», «Қырық қыздың аңызына», т.б. төл туындылары халық арасына кеңінен таралған. 
     Іс-шараға жазушы Айжарық Сәдібекұлы, еңбек ардагерлері Мәдібек Ибраев, Қазыбек Әшірбеков,профессор Қазыбай Құдайбергенов, ақын Қатира Жәленова, журналист-жазушы Несібелі Рахмет, Қызылөзек ауылындағы №128 орта мектептің мұғалімі Сәриева Алтын және күйшінің қызы  Гүлнәр Исламбекқызы Ысқақовалар қатысып, туған өлке аспанын күмбір күймен тербеген талантты сазгер туралы тағылымды  әңгімелер айтты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекетттік университетінің студенттері М.Бекпейісов, Ж.Төлебай, А.Шүкіров, А.Сәйпенова, Ж.Базарбеков, А.Жаппарбердиевтер ән-күйден тарту жасады. Күйшінің «Күрішшілер биі», «Паровоз», «Тарту» т.б күйлері орындалды.
     Іс-шара тақырыбына орай кітап көрмесі жасалып, оған И.Ысқақов туралы жазылған кітаптар мен баспасөз материалдары және отбасылық суреттер қойылды.

28 қазан 2015 ж. 12:17
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз:
x