«Мұқағали – мәңгілік жыр»Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжімен бірлесіп қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл толуына байланысты облыс көлеміндегі колледждер арасында «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты жыр мүшайрасы ұйымдастырылды. Оның мақсаты – М.Мақатаев шығармашылығын насихаттау. Жастар арасынан тума дарындарды анықтау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Жас ақындарға рухани қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін жандандыру. Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз деген жерде туылған. Тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық газетінде 1948 жылдан жариялана бастаған. Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның көптеген өлеңдеріне композиторлар ән шығарған. Ақынның туған ауданында бір орта мектеп, Алматы қаласында көше және гимназия оның есімімен аталады. Қазақстан Жазушылар одағы жылдың ең жақсы жас ақынына арнап Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындады. Қарасазда ақынның мұражайы бар. «Аманат» жыр кітабы үшін оған ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілген. Жыр мүшайрасы 2 бөлімнен тұрады. «Менің пірім – Мұқағали» деп аталатын 1-ші бөлімде қатысушылар М.Мақатаев өлеңдерін жатқа айтып, «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап...» атты 2-ші бөлімде өздерінің төл туындыларынан ақынға арнау өлеңдерін оқыды. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Қазылар алқасының шешімімен Қазақ гуманитарлық, заң және техникалық колледжінің студенті Қалыбай Айзат жеңімпаз деп танылды. «Қазақ жырының Хантәңірі» атты кітап көрмесіне М.Мақатаевтың жыр жинақтары, өмірі және шығармашылық жолынан сыр шертетін кітаптар мен баспасөз материалдары, суреттер қойылды.
|