«Тұрақтылық пен татулықты тұмар еткен – Қазақ Елі»2016 жылдың 1 наурыз күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тұрақтылық пен татулықты тұмар еткен – Қазақ Елі» атты Алғыс айту күніне арналған мерекелік шара өтті. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Мерекелік шараны Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Мырзамұратова Нұржамал Ахметқалиқызы ашып берді. Шараға түрлі ұлт өкілдері Г.М.Ибрагимова, Д.С.Цзю қатысып, оқырмандарға өз бастарынан өткерген тарихи оқиғаларды баяндап берді. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған бұл ұлт өкілдері құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына өз алғыстарын білдірді. «Бізге ең қымбаты – ауызбіршілік, елдегі тыныштық. Осы күніміздің қадірін білсек екен, сол үшін де Елбасына алғысымыз шексіз» деген жүрекжарды пікірлерін айтты. «Қазақ еліне тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық филармония әншілері ән шашуларын сыйлады. Жоғарғы оқу орындарының студенттері мен тұрақты оқырмандар, «Кездесу» клубының мүшелері, Б.А.Қ. өкілдері қатысты.
|