Әлем таныған тұлға2019 жылдың 27 қараша күні сағат 11.00-де Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының аванзалында «Әлем таныған тұлға» тақырыбында Тұңғыш Президент күніне арналған кең көлемді кітап көрмесінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты: Елбасының көрнекті саясаткер, Ұлт басшысы ретіндегі тұлғасын, Тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы еңбек жолы, тарихи кезеңдері туралы маңызды жаңа әдебиеттермен таныстыру, жастарды өз Отанын сүюге, елжандылыққа, ержүректілікке, азаматтыққа тәрбиелеу. Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. «Ұшқан ұя ұлағаты», «Теміртау – алтын бесік», «Дәуірдің дара тұлғасы», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Елбасы және Елорда» атты тақырыптық бөлімдерден тұратын көрмеге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Елмен сырласу», «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Туған елім-тірегім», «Тәуелсіздік белестер» атты Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолы, жетістіктері жайлы еңбектерімен қатар, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы М. Қасымбековтың «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», Б.Сапаралының «Тұңғыш Президенттің балалық шағы», А.Гафоровтың «Еліне елеулі Елбасы: Н.Назарбаев – саясат майданының қайраткері», А.Сәулебектің «Елбасының алтын бесігі» кітаптары мен «Көш бастаған Елбасы» атты фотоальбом, сонымен қатар Елбасының балалық шағынан бастап, ерен еңбектері жан-жақты қамтылған әдебиеттер қойылды. Шараға Қоқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Сәтбай Дастан, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, «Шабыт» Халықаралық Шығармашылық Фестивалінің жүлдегері, ақын Толқын Қабылша қатысып, Елбасы жайындағы ой толғамдарымен бөлісті. |