2020 жылдың 17 - қаңтар күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлының 80 жылдығына орай «Қайраткерлік пен қаламгерлік» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрменің мақсаты - жеткіншек ұрпақты жерлесіміз, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Қошқарұлының жемісті қызметін, азаматтық тұлғасын өнеге тұтып, құрметтеуге баулу.
Әбдіжәлел Бәкір Қошқарұлы еңбек жолын Қызылорда облысының Сырдария ауданында халыққа білім беру саласында бастап, 1965-1974 жылдары Қызылорда қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1974 жылдан 1991 жылдары Қызылорда облыстық партия комитеті Саяси ағарту үйінің кеңесшісі, меңгерушісінің орынбасары, Қызылорда облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, 1991-1995 жылдары Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметін, 1991-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2005-2006 оқу жылынан бастап университеттің әуелі гуманитарлық – жаратылыстану, қазір әлеуметтік – психологиялық пәндер кафедрасының профессоры, 2006 жылы «Қазақстан Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» деген тақырыпта диссертация қорғап, саяси ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды.
Комсомол – партия қызметтерінде жүргенде Ә.Қ.Бәкір Болгария мен Йеменде, Парламент депутаты кезінде Ресейде, Түркияда, Германияда, Францияда, Индияда, Катарда, Монголия мен Қытайда болды. 1968 және 1971 жылдары Ә.Қ.Бәкір екі рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, 1982 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалымен, 2001 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, 2009 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы белгісімен марапатталды. Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір Қазақ КСР оқу ісінің үздігі.
Көрмеге ғалымның «Ел сенімі», «Депутат әлемі», «Жарқылдап өткен жан еді», «Тарихы да, тағылымы да мол мектеп», «Қазақстан Республикасы кәсіби парламентінің қалыптасуы», «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары», «Азамат болмысы», «Тәуелсіздік тағдыры», «Ана тілім – абыройым менің», «Алпыстың асқарында» атты кітаптары мен сұхбаттары және ұлттық тәрбие, халықтық салт - дәстүр, ұлтаралық келісім мен халықтар достығын нығайту, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Арал тағдыры жөнінде, экологиялық апат құшағындағы Сыр өңірінің аянышты ахуалы сияқты, т.б. баспасөз беттерінде жарияланған өрелі ой-пікірлері, естелік кітаптары қойылды. Көрмеге жалпы саны - 50 кітап, 20 баспасөз материалдары мен фотосуреттер қойылды.