KITAPKHANA.KZ
kz ru

«Кітапханадағы түн-2015» акциясы

     2015 жылдың 24 сәуірінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапханадағы түн - 2015» акциясы өткізілді. Акция биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Оқу мәдениетін арттыру, оқырманға  қолдау көрсету,  жастар арасында кітап оқуды жандандыру және  кітапхананы жарнамалау мақсатында өткізілген бұл шараның кітапсүйер қауым үшін пайдасы өте зор. Биылғы «Кітапханадағы түн-2015» Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. 
Кітапханада «Жеңіс көктемі» және «Бір шаңырақ астында» атты алаңдарда көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын бағдарламалар ұйымдастырылды. Кітапхана фойесінде «Жер бетінде мәңгі тұр, Қазақ елі!»  атты кітап көрмесі оқырмандар назарына  ұсынылды.
    Кітапхананың бірінші қабатында «Жеңіс көктемі» алаңында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған түрлі әдеби көңіл көтеру шаралары өткізілді. «Ерліктің өшпес даңқы» әдеби-музыкалық   қойылым көрсетілсе,  «Жеңіс әні асқақтасын мәңгілік» әскери-патриоттық әндер орындалды. «Отты жылдар елесін, кітаптан оқып білесің» атты поэзия марафонына қатысушылар әдеби викториналық сұрақтарға жауап берді. Жастар соғыс, жеңіс туралы өлеңдерді бірінен кейін бірі жалындата оқыды. Шара соңында белсенді оқырман анықталып, сыйлықтар берілді. «Естеліктер ескірмейді» атты тарихи жәдігерлерден ұйымдастырылған көрме кітапханаға келушілердің қызығушылығын туғызды. Кітапхананың интернет залында «Интернет – ҰОС жылдары қаза тапқан және хабарсыз жоғалып кеткен Отан қорғаушылар жайында мәлімет іздеу» акциясы қызмет көрсетті. Барлық оқырмандар үшін желіні пайдалану тегін болды. 
       Сондай-ақ «Түнгі кинотеатрда» соғыс туралы түсірілген «Сталинград» фильмі көрсетілді. 
     Кітапхананың екінші қабатында ұйымдастырылған «Бір  шаңырақ  астында» атты достық алаңына да келушілер қатары көп болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20  жылдығына  орай «Достығыңды  жырла, дәстүріңді сыйла» атты ымырттағы оқулар өткізілсе, «Кітапхана – білім кемесі» атты  викториналық ойын,  «20 секунд – 20 сұрақ» әдеби сайыс қатысушылардың  қызығушылықтарын арттырды. «TWISTER» деп аталатын танымдық ойында әрбір қатысушы өзінің білімділігі мен біліктілігімен, шапшаңдығымен, тапқырлығымен көзге түсті. Ал «Таным  территориясы» деп аталатын орында өзге ұлт өкілдерінің әндері орындалып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
      Кішкентай оқырмандарымыз «Достықтың мөлдір бұлағы» атты ойын алаңында бас қосты. Мұнда балаларға  арналған  түрлі  іс-шаралар ұйымдастырылды.  «Кім мықты» жұмбақ жарысында балалар көп ұлтты қазақ жеріндегі ұлттардың түрлі жұмбақтарын шешті. Сондай-ақ «Ізде, ойлан, тап» логикалық сұрақтар ойыны, «Ертегі неткен, мұратына жеткен» рольдік ойын, «Кім тез жазады?» және ТМД халықтарының  ойындары ұйымдастырылды. Балаларға «Достық дастарханынан» әртүрлі халықтардың тағамдары ұсынылды.
   «Кітапханадағы түн» мерекелік акциясы «Көктем биімен» қорытындыланды. Шара қонақтары аванзалда ұйымдастырылған биге қатысып, көңіл сергітті. 

 



24 апрель 2015 г. 15:06
0 просмотров
Добавить комментарий
Ваше имя: *
E-mail: *
Текст комментария:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код:
x