Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасының ашылуы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, комедия жанрының шебері, ұлт мақтанышы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасының салтанатты ашылуы өткізілді.
Салтанатты рәсімге Қалтай Мұхамеджановтың қызы Жәмила және інісі Ақылбек Әбиұлы, сондай-ақ белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Қалтай Мұхамеджановтың жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы игілікті істердің бастамасы. Құнды әдебиеттер кітапхананың қорын толықтырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.
Қ.Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды.
Жазушының жеке кітапханасында 7597 дана кітап бар, оның ішінде 1830 дана қазақ тіліндегі кітаптар, 5767 дана орыс тіліндегі кітаптар , 488 дана шетел тіліндегі кітаптар.
Кітапхананың көркем әдебиет қоры Қазақстан жазушыларының, шетел әдебиеті классиктерінің көркем шығармаларынан және қазақ, орыс тілде-рінде жазылған қазіргі заман әдебиетінен құралған. Сондай -ақ тіл білімі, өнер, философия, дін туралы кітаптар бар. 400-ге жуық түрік, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, славян тілдерінде кітаптар жинақталған. Сонымен қатар жазу құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті бар.
|