НАУРЫЗБАЕВА РАХАТ
Наурызбаева Рахат Наурызбайқызы (25.01.1944) – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1944 жылы 25 қаңтарда Қызылорда облысы, Қазалы стансасында шаруа отбасында дүниеге келген. 1957 жылы №420 мектептің 7 сыныбын бітірісімен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1961 жылы бітіреді. 1965 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазалы станциясындағы №420 мектепте мұғалім болудан бастады. 1977-1990 жылдар арасында өзі оқыған педагогикалық училищеде жемісті еңбек етті. 1990-1997 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында аға оқытушы болып қызмет істеді. 1998-1999 жылдары №1 кәсiптiк-техникалық училищеде, 2000-2005 жылдары “Сейхун” академиясының “Педагогика және әлеуметтiк пәндер” кафедрасының меңгерушiсi, 2005-2011 жылдары Қызылорда гуманитарлық университетiнде, 2011-2016 жылдары Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында оқытушы болып қызмет атқарды. Р.Наурызбаева ұстаздық қызметімен қатар шығармашылық жұмыстармен де шұғылданады. 1980 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты жыр жинағы, 1985 жылы «Ақ қозы», 1993 жылы «Сергек Серік» атты балаларға арналған жыр жинақтары, 1994 жылы «Ана тілі» баспасынан «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» атты оқу құралы, 1998-1999 жылдары «Атамұра» баспасынан Ш.Құлманова, М.Оразалиева, Б.Сүлейменовалардың авторлығымен шыққан 2,3-сыныптарға арналған «Музыка» оқулығына «Жыл басы кім болады?», «Аңдардың айтысы» атты музыкалық ертегі мен сюжетті шығармасы енді. Оқулықтар 2002, 2003 жылдары қайта басылып шықты. 2002 жылы Қызылорда қаласындағы «Дария» баспаханасынан «Алақаныңда алтын бар» атты жантану іліміне көмекші оқу құралы, 2003 жылы «Аңсар және К» баспасынан «Алма берсем аласың ба?» атты балаларға арналған суретті кітабы шықты. «Ақмешіт Ақшамы» газетінің 2000 жылғы мамыр-қыркүйек айларында шыққан нөмірлерінде авторлық жұлдыз жорамалы жарияланып тұрды. «Білім» баспасынан «Ақ батаммен өс, балам!», «Мектептегі сахна сабақтары», «Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары», «Ғылым ордасы» баспасынан «Сүйімбикенің қоштасу дұғасы», «Әуен әлемінде», «Балалар мен жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі», «Балалар мен жасөспірімдерді эвристикалық әдістермен көркемдік-шығармашылыққа баулу» атты кітаптары шықты. 1989-1990 жылдары облыстық радиоторабынан «Кел, қазақша үйренейік!» атты аптасына 5 күн үйренушілерге 70 сабақтық, тереңдетіп үйренушілерге 90 сабақтық арнаулы бағдарламамен сабақ жүргізді. Қала мекемелерінде: ФНМ, ТЭЦ, ОГМТС, Банк, облыстық жүйке аурулары ауруханасындағы өзге халық өкілдеріне «Білім» қоғамының лекторы ретінде сабақ жүргізді. Жүргізген сабақтарының нәтижесін радио, теледидардан арнаулы хабар дайындап көрсетіп отырды. Сол жылдары «Тәрбие туралы толғаулар» атты хабарды аптасына бір рет 20 хабар дайындап жүргізді. 1994-1997 жылдар аралығында Қазан университетінің «Татар тілі» мен «Педагогика» кафедраларында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, 1997 жылы 23 маусымда «Бала бақша-мектеп-жоғары оқу орны» жүйесінде жеке адамды шығармашылық бағытта ұрпақтар сабақтастығын қамтып тәрбиелеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. 2009 жылы Қазан университетінің педагогика кафедрасында «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқытудың педагогикалық жүйесі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы атағын алды. 1991, 1996, 2006, 2007, 2008 жылдары Қазан университеті жанындағы «Біліктілікті жетілдіру факультетінде» білімін жетілдіріп отырды. 2008 жылы Қазан қаласындағы «Инновациялық технология орталығы» баспасынан «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқыту», 2010 жылы «Балаларды көркемдік-шығармашылық әрекетке эвристикалық оқыту» атты монографиялары жарық көрді. Бүгінгі таңда автордың 4 монографиясы, 5 жыр жинағы, 10 оқу-әдіскерлік құралы, Қазақстан және Ресейдің Жоғары аттестациялық комиссиясы бекіткен журналдарда жарияланған 40 мақаласы, Прага, Кипр, Париж қалалары мен Япония, Канада елдерінде өткен ғылыми конференцияларда импакт-фактормен 5 мақаласы, Қазақстан және Ресейде өткен Халықаралық және Республикалық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференцияларда 50 мақаласы, республикалық, облыстық ғылыми-педагогикалық журналдарда 44 мақаласы, «Атамұра» баспасынан (2002, 2003 ж.ж.) шыққан 2,3 сыныптарға арналған «Музыка» оқулықтарында 2 шығармасы, 2019 жылы шыққан 4-сыныбына арналған «Музыка» оқулығында және хрестоматиясында шығармалары, әдеби жинақтар мен педагогикалық журналдарда 40 көркем-әдеби шығармалары, Қызылорда облыстық телерадио торабынан 5 авторлық телехабар, 200 радиохабары жарық көрдi. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жанындағы «Рауан» шығармашылық орталығының құрметті мүшесі. Өзі қызмет істеген оқу орындарында жастарды шығармашылыққа баулыған педагогтің шәкірттері мол. «Бастау» (1980), «Ақ қозы» (1985), «Сергек Серік» (1993), «Үй-ішімізбен қазақша үйренеміз» (1994), «Алаканыңда алтын бар» (2002), «Алма берсем, аласың ба?» (2003,2015), «Сахнада самғаймыз» (2004), «Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары» (2006), «Шығармалары» (2009), «Мектептегі сахна сабақтары» (2010), «Ақ батаммен өс, балам» (2012), «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі» (2013), «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» (2014), «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі» (2014), «Әуен әлемінде» (2014,2015), «Балалар мен жасөспірімдерді эвристикалық әдістермен көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке баулу» (2015), «Ғажайып әлем» (2017,2019) кітаптарының авторы. ҚР Білім Министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Халықаралық Бейбітшілік және келісім қорының «За заслуги в образовании», «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Творчестволық Бірлестігінің «Білім көшбасшысы», «Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының» «Әл-Фараби», Ғани Мұратбаев атындағы, «Қазалы қаласы атауына 150 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл», «Қызылорда қаласының мәдениет майталманы» медальдарының иегері.
Шығармалары Наурызбаева Р. Ақ батаммен өс, балам /Р.Наурызбаева. – Алматы: Білім, 2012. – 320 б. Наурызбаева Р. Ақ қозы: Өлеңдер / Р.Наурызбаева.- Алматы: Жалын, 1985.- 12бет Наурызбаева Р. Н. Алаканыңда алтын бар: оқу құралы / Р.Н.Наурызбаева. – Қызылорда: Дария, 2002. – 62 б. Наурызбаева Р. Алма берсем, аласың ба?: Бояма кітапша /Р.Наурызбаева. – Қызылорда:Аңса, 2003. – 20 б. Наурызбаева Р. Алма берсем, аласың ба?: Бояма кітапша /Р.Наурызбаева.- 2-ші бас., өңд., толықт.– Алматы: Ғылым ордасы, 2015. – 20 б. Наурызбаева Р. Әуен әлемінде / Р. Наурызбаева; Рецензент: Г.И.Кулдеева. - Алматы: Ғылым ордасы, 2014.- 120 б: Ноталы. Наурызбаева Р.Н. Әуен әлемінде: Әндер жинағы / Р.Н.Наурызбаева.- 2-ші бас., өңд., толықт. – Алматы: Ғылым ордасы, 2015. –132 бет. Наурызбаева Р. Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі: Әдістемелік құрал. – Қызылорда, 2013. – 90 б. Наурызбаева Р. Балалар мен жасөспірімдерді эвристикалық әдістермен көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке баулу: Оқу-әдіскерлік құрал / Р. Наурызбаева.- Алматы: Ғылым ордасы, 2015.- 186 б. Наурызбаева Р. Н. Бастау: өлеңдер жинағы / Р.Н.Наурызбаева. – Алматы: Жалын, 1980. – 24 б. Наурызбаева Р. Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары: Оқу құралы /Р.Наурызбаева. – Алматы: Білім, 2006. – 128 б. Наурызбаева Р. Ғажайып әлем=Удивительный мир=Fantastic world / Р. Наурызбаева. - Алматы:Ғылым ордасы, 2017.- 20 бет. Наурызбаева Р. Ғажайып әлем=Удивительный мир=Fantastic world / Р. Наурызбаева. - Алматы:Ғылым ордасы, 2019.- 20 бет. Наурызбаева Р. Мектептегі сахна сабақтары=Уроки сцены в школе: Әдістемелік нұсқаулар, сахналық қойылымдар, бағдарламалар, жырлар, әндер мен дәстүрлер /Р.Наурызбаева. – Алматы: Білім, 2010. – 288 б. Наурызбаева Р. Сахнада самғаймыз: Мектепшілік шараларға арналған сценарийлер, әндер, ертегі-жырлар, жұмбақтар /Р.Наурызбаева. – Қызылорда,2004. – 52 б. Наурызбаева Р. Н. Сергек Серік: балаларға арналған өлеңдер жинағы / Р.Н.Наурызбаева. – Алматы: Балауса, 1993. – 20 б. Наурызбаева Р. Үй-ішімізбен қазақша үйренеміз: Қазақ тілін жеделдетіп меңгеруге арналған оқу құралы / Р.Наурызбаева. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 96 б. Желдербаева С., Наурызбаева Р. Шығармалары: Өлеңдер, әңгімелер мен ертегілік сценарийлер / С.Желдербаева, Р.Наурызбаева.- Астана:Фолиант, 2009. – 376 б.- (Сырдария кітапханасы) 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру: Жинақ / Дайындаған Р.Н. Наурызбаева; «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ҚОБ ПҚ БАИ. – Қызылорда: Қызылорда-Қанағаты, 2014. - 94 бет. Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі: Әдістемелік құрал / Құрастырғандар: Р.Н. Наурызбаева, Б.Т. Елеусінов, С.К. Серікбаев, С. Смағұлұлы; «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы филиалы ҚОБ ПҚ БАИ. – Қызылорда, 2014. - 120 б. |