МҰСТАФА ШОҚАЙМұстафа Шоқай - патшалық Ресей заманында Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының саяси бюросында қазақ халқының мүддесін тұңғыш көтерген адам. Түркістанда құрылған Мұсылман орталығының тұңғыш басшысы. КСРО құрамындағы қазақ халқының мүддесін шетелде жүріп қорғаған тұңғыш қазақ. Мұстафа 1890 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Мұстафа Шоқай» ауылында (бұрынғы «Наршоқы) дүниеге келген. Атасының арғы тегі қыпшақтардан тарайтын Торайғырдың белді ақсүйектеріне жатады. Ол атақты Торғай датқаның немересі, беделді де бетті Шоқайдың бел баласы. Нағашы жұрты Хиуаны билеген қазақ хандарының әулетінен өрбиді. Мұстафа ауылда жүріп хат таниды. Әліпті ә дегенде ата-анасынан үйренгенге ұқсайды. Содан кейін Александр Керенскиймен бірге маңдай алды болып Ташкент гимназиясын, кейін Петербор университетінің заң факультетін үздік бітіреді. Соңынан уақытша үкіметтің басында тұрған сол Керенский Мұстафа Шоқайға өз кабинетіндегі міністірдің орнын ұсынады, ал Мұстафа одан бас тартады. Мұстафа Шоқай Түркістанның тарихын бес саусағындай білген . Ол мәдениеттің, саясат пен заң ілімінің дамуына деген көзқарасын түрік, орыс, ағылшын, француз, неміс, тәжік тілдерінде баяндап, жазып отырған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі М.Шоқай тобының Түркістанда біртұтас Түркістан федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялар құруға дайындалуына ықпал етті. Бірақ Уақытша үкімет Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне қарсы шықты. 1917 жылдың наурызында М.Шоқай Ташкенттегі мұсылмандар конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарды. Бұл орталық та автономия құруға әзірлене бастады. 1917 жылдың 22 қарашасында Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың Бүкілтүркістандық конгресі өтіп, онда Түркістан (Қоқан) автономиясының құрылғаны жария етілді. Оның Президенті болып Мұстафа Шоқай сайланды. Осы жылдың желтоқсанында М.Шоқай «Алашорда» үкіметінің құрамына кірді. 1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызыл гвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, Мұстафа Шоқай Грузияға кетеді. Онда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсене атсалысады. 1920 жылы қызыл армия Грузияға кіргенде, Мұстафа Түркияға қоныс аударады, одан әрі Берлин асып, кейін Францияда тұрақтады. Эмиграцияда жүріп М.Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырып, олардың жұмысына белсене араласты. Стамбұл мен Парижде, Берлин мен Лондонда, Варшавада ол Орта Азия туралы мақалаларын, теориялық зерттеулерін, тарихи және саяси шолуларын жариялады. Ол ұйымдастырған «Жаңа Түркістан» және «Жас Түркістан» журналдары тиісінше Стамбұл мен Берлинде басылып тұрды. Мұстафа Шоқайұлы өзінің 1937 жылы «Яш Түркістан» журналына «Қоқан автономиясының» 14 жылдығына арнап мақала жіберген. Осы мақалаға сүйенсек, Қоқан автономиясы бар болғаны 2 ай, 3 күн ғана, яғни 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында тарағанын байқаймыз. Мұстафа Шоқайдың шетелдік эмиграциядағы саяси қызметі бүкіл Түркістан жұрты үшін жазба және ауызекі жүргізген үгіт-насихат жұмыстарынан көрінеді. Оның аса шебер ұйымдастырушылығы, ұлттық құндылықтар саласында жасаған тұжырымдары осы күнгі саясатпен ұштасып, сабақтасып жатқандығы дәлел болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен М.Шоқай тұтқындалып, Париж түбіндегі Компьен концлагеріне жіберіледі. Осы жерде екі апта отырып, кейіннен босатылады. М.Шоқай үйінде ұзақ бола алмайды. Оны әуелі Германияға, кейіннен Польша мен Украинаға әкеліп, тұтқынға түскен түркістандықтармен жүздестіреді. Көзі тірісінде көк түріктің көсемі атанған Мұстафа Шоқайға көп жылдар бойы «елін сатқан сатқын», «фашистерге қызмет еткен жау» деген өте ауыр айыптар тағылып келді. Ал қазіргі кезде күрескер есімінен «сатқын, халық жауы» деген айдарлар алынды. М.Шоқай Түркістан легионын ұйымдастыруға қатысты деген болжамның қате екендігі бүгінде дәлелденді. Мәскеудің Қоғамдық пікірлер институты 2008 жылы «РОССПЭН» баспасынан «Орыс шетелдіктерінің қоғамдық ой-пікірі» атты үлкен энциклопедия шығарып, бұнда Мұстафа Шоқай Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, дүниежүзілік деңгейдегі саясаткер, заңгер, публицист, аса ірі қоғам қайраткері, өз ұлтының адал патриот – күрескері әрі үлкен құрметке лайық тұлға ретінде көрсетіліп, көлемді еңбекке орын берілген. 2009 жылы саясаткер Мұстафа Шоқай Санкт-Петербордың ғылымы, мәдениеті және өнерінің дамуына сіңірген орасан зор еңбегі үшін «Петербор тұлғасы» медалімен марапатталды. Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы бола отырып, сол елдің тәуелсіздігін аңсаған, шындық үшін күрескен саясаткер, ұлт мұратының жолында өз басын тәрк еткен адам. Бұны ұлтшылдықтың қазақы үлгісі деп атауға болады. Мұстафаның жан-жүрегі туған халқымен бірге болды. Қазақтың ардагер ұлы 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында жұмбақ жағдайда көз жұмды. |