ТОҚМАҒАМБЕТОВ АСҚАР
1905 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында кедей шаруаның отбасында
туған. Алғашқы білімді ауыл молдасынан
алған. 1924-1926 жылдары Ташкенттегі политехникумда оқыған, ал 1926-1930
жылдары «Лениншіл жас» және «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан»
гезеттерінің редакциясында істеген. 1932 жылы Мәскеу полиграфия институтын
бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Асқар Тоқмағамбетов баспасөз бетінде 1924 жылдан бері белгілі. Тұңғыш баспа бетіне шыққан «Ленин суретіне» деген өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде 1925 жылы, «Еңбек жыры» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1928 жылы жарық көрген. Кейіннен өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары бірнеше рет жеке кітап болып басылып шықты. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар Көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. А.Тоқмағамбетов қалам ұстағаннан бастап қазақ еңбекші шаруасының өмірі мен тіршілігін, оның кеңес дәуірі шындығын түсіну жолындағы қиыншылықтары мен ізденістері туралы жазды. Оның «Мұғалім», «Жас дәрігер», «Шойынқараның ойын қара» өлеңдері жаңа дәуірде өсіп келе жатқан жаңа адамдарды суреттесе, «Сәуле», «Фатиманың хаты», «Ағасының жауабы» өлеңдері қазақ әйелінің азат өмірге ұмтылысын бейнелеген. 30-жылдары «Түрксіб түйіскенде» өлеңінде Түркістан – Сібір темір жолының салынуымен байланысты кірген өзгерістерді жырлаған. Ақын лирикасының бір саласы 1930-1940 жж. жазылған «Біздің Сәуле», «қош, аман бол», «Күт мені», «Сүйген жарға», т.б. әндерге арналған. Проза саласында «Сыр диқаны» (1959), «Асыл азамат» (1959), «Әке мен бала» (1961), Ы.Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады» (О.Бодықовпен бірігіп, 1969), Қазан революциясы қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» повестерін, 19 ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары туралы «Жыр күмбезі» (1975) атты тарихи романын жариялады. Романға 19 ғасырдың 2-жартысында өмір сүрген Базар жырау Өтемісұлы және белгілі ақындар Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, т.б. шығармашылы мен өмірі арқау болған. Драматургияда «Екі заң» (1928), «Семафор ашық» (1933), «Әзірет сұлтан» (1937) атты пьесалар мен «Маржан» (1961) атты киносценарийлер жазды. А.Тоқмағамбетов қазақ әдебиетінде сықақ жанрының дамуына мол үлес қосты. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақ тіліне аударған (1953). Октябрь революциясы, І дәрежелі Отан соғысы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1992 жылы туған ауылына А.Тоқмағамбетовтың есімі берілді. Асқар Тоқмағамбетов 1983 жылы 21 тамызда қайтыс болды. |