KITAPKHANA.KZ
kz ru

ТІЛЕНДИЕВ НҰРҒИСА

   Қазақтың әйгілі күйші-сазгері, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген "Отырар сазы" халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. 1968 жылы "Қазақфильм" киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық артисі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендиевке 1998 жылы "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

   Н.Тілендиев 500-ден астам музыкалықтөл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады : ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан "Достық жолымен" (1958), "Менің Қазақстаным" кантатасын (1959), Қ.Қожамьяровпен бірлесіп жазған "Алтын таулар" операсын (1961), "Ата толғауы" және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), "Халық қуанышы" (1963), "Қайрат" (1964), "Жеңіс солдаты" (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның "Аққу", "Аңсау", "Арман", "Ата толғауы", "Әлқисса", "Қорқыт туралы аңыз", "Көш керуені", "Махамбет", "Фараби сазы" сияқты күйлері мен "Саржайлау", "Алатау", "Ақжайық", "Ақ құсым", "Өз елім" сияқты ондаған әндері халықтықбояу-нақышының қанықтығымен,өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтыңсүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұныңсыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Н.Тілендиев музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Айтматовтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ "Қыз Жібек", "Қилы кезең", "Менің атым Қожа", "Ақсақ құлан" фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.

   1984 жылы 30 қазанда "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді.


08 май 2015 г. 17:56
0 просмотров
Добавить комментарий
Ваше имя: *
E-mail: *
Текст комментария:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код:
x