4 сәуір күні облыстық кітапханада қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты – жазушы, ақын Б.Соқпақбаевтың шығармашылығын балалар мен жасөспірімдер арасында насихаттау, артында қалған әдеби мұраларын жаңғырту, жас таланттардың шығармашылығын қолдау.
Шараға Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінің және Н.Ахмадиева атындағы №112 орта мектебінің оқушылары қатысып, жазушының шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп оқыды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Ж.Шариф жеңіп алды. Ал I дәрежелі дипломды Е.Сармырзаев иеленсе, II дәрежелі диплом А.Орынбек және Б.Берікқызы, ІІІ дәрежелі диплом Р.Тасқынбай, І.Сәулебек, А.Гажденбекке бұйырды.