4 қазан күні облыстық кітапханада белгілі жазушы, журналист Ж.Түменбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Құндылық қорықшысы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Мақсаты – жазушының өмірі мен шығармашылығын таныстыру, өзіне ғана тән мөлдірлік, тазалық бар, қазақтың қанына сіңген озық дәстүрлерін әспеттейтін шығармаларын насихаттау.
Кешке ардагер журналист Қ.Мырзахметов, қоғам қайраткері С.Әбішев, жазушы Б.Ұзақбаев, журналист-жазушылар Ш.Қазығұл, Е.Әбіл, Қ.Абдуов, Ж.Таңрықбаев, Н.Көбегенұлы, жазушының ұлы М.Түменбаев және жақын туыстары, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, Қорқыт Ата атындағы ҚУ журналистика факультетінің студенттері қатысты. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қ.Есімсейітова жүргізді.
Кеш қонақтары сыршыл да лирикалық әдемі прозасымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлесін қосқан жазушы Жақсылық Түменбаевтың ұлттық болмысымызды шынайы бейнелеген шұрайлы шығармалары туралы ой бөлісіп, балалары әке деген сөзге сыятын барлық қасиетке, барлық жақсылыққа, барлық кереметке ие нағыз əке бола білгені туралы сыр шертті.
С. Нұрымбетовтың Ж. Түменбаевқа арнаған "Іздедім сені" атты арнау өлеңін Қорқыт Ата атындағы университетінің Ж-23-1 тобының студенті Е. Есқали мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, облыстық филармония әншісі Т. Өтенова ән - жырдан шашу шашты.
Оқырмандар назарына жазушының шығармашылығына арналған "Қаламы құдіретті жазушы" атты кітап көрмесі ұсынылды.