12.02.2014 «Сыр сүлейі, жыр дүлейі» - әдеби-сазды кеш
Сыр бойының аяулы азаматы, әдебиет танушы, филолог, зерттеуші, профессор, ақын Әбділда Тәжібаев өзінің артына өшпестей етіп, үлкен мұра қалдырды.
12 ақпан күні Әбділда Тәжібаевтың 105 жылдығына балалар әдебиеті бөлімі«Сыр сүлейі, жыр дүлейі» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Мақсаты: Әбділда Тәжібаевтың жерді құрметтеу, халқына, ана тіліне, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыбында жазылған өлеңдері арқылы оқырмандарды ұлттық намыс, жігерлікке тәрбиелеу. Біздің мақсатымыз - осындай тәрбиелік мәні зор өлеңдерді жастарымызға таныстырып, ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеу.
Әдеби-сазды кешке №7 орта мектеп оқушылары, №264 мектеп-лицейдің оқушылары, «Рауан»интеллектуалды шығармашылық клубының белсенді мүшелері қатысты.
Оқушылар Әбділда атамыздың шығармашылығына шолу жасап, өлеңдер оқып, ақын сөзіне «Сырдария», «Құлыншағым» әндері орындалды, туған жер, Отан туралы әндер шырқалды. Ақынға арналған жазушы-ақындардың жылы лебіздері айтылды. Жас ақындарымыз арнау өлеңдерін оқыды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд көрсетілді.
Мәдени шараға №12,112, 187, 233 орта мектептердің оқушылары мен ұстаздары қатысты.
11.02.2014 Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың 105 жылдығына арналған іс-шаралар апталығы
11 ақпан күні оқу залында«Сырда туған сырбаз ақын» атты жыр кеші өтті. Кешке жергілікті ақын – жазушылар: Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, ақын Ә.Рақымбеков, Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда Облыстық филиалының директоры, «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасының редактор-жүргізушісі Қ.Есімсейітовалар мен балалар ақыны, педагогика ғылымының докторы,
профессор Р.Наурызбаева, «Әлімсақ» журналының редакторы, ақын Н.Көбегенұлы, «Жауқазын-ғұмыр» жас ақын-жазушылар клубының жетекшісі, ақын Н.Бердіқожа қатысты.
Кешке қатысушы жыр сүйер қауым Ә.Тәжібаев туралы бейнесюжетті тамашалап, ақынның көзін көрген кеш қонақтары естеліктер айтты. «Жауқазын-ғұмыр» клубының мүшелері «Ана мен бала» атты пролог жасап, Айманкүл анамыз бен бала Әбділданың образын сомдады. Қызылорда гуманитарлық колледжі студенті Қасымов Жантас, «Болашақ» университетінің студенті Абдумаликова Назерке, Қызылорда көпсалалы колледжінің оқытушысы Биходжаева Фариза т.б. оқырмандар Ә.Тәжібаев жырларын шабыттана оқыды және өздерінің арнау өлеңдерін тарту етті.
Сонымен қатар, сахна төріне ерекше үлгідегі көрме жасалды. Оған дүлділ ақынның өзі пайдаланған, тұтынған дүниелері, жазған хаттары, оқырмандар әлі де таныспаған фото-суреттері қойылды.
07.02.2014 Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2014 жылдың 10-14 ақпан аралығында қазақтың аса көрнекті ақыны, халық жазушысы, драматург, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Тәжібаев оқулары» өткізіледі.Апталық аясында мынадай іс-шаралар ұйымдастырылады:
10 ақпан «Сырдың алып бәйтерегі» -виртуалды көрме
10 ақпан «Жұлдызы биік жыр –жаһан» -кітап көрмесі
11 ақпан сағ. 11.00 «Сырда туған сырбаз ақын» -жыр кеші
12 ақпан сағ.15.00 «Сыр сүлейі, жыр дүлейі» -әдеби-сазды кеш
13 ақпан сағ.15.00 «Тыңда менің сөзімді, тыңда халқым -әдеби оқулар
Келіңіздер,тамашалаңыздар!