Көкен батыр
Қай кезде де халық, ерлігі құрметтеуге лайықты батырлардың атын ғана ұран етіп алған. Олай болса, Көкен халқы таныған халықтық батыр деп айта аламыз. Көкен батыр 1775 жылы дүниеге келген. Көкен жастайынан бойшаң, ірі тұлғалы болып өседі. Кең маңдайлы, жанары отты, атжақты, қараторы келген жүзі сұсты көрінген. «Ата көрген оқ жонар» демекші әулетінде әйгілі батырлар болғандықтан Көкен де жастайынан жауға қарсы шауып батылдығымен, батырлығымен көзге түседі. Қазақтың суырып салма және жазба әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, дүйім қазақ әлеміне Молда Мұса деген атпен танымал болған Мұсабек Байзақов (1849-1932) Көкен батырдың немересі Сейдім болысқа айтқан өлеңінде : Халқына ұран болды Көкен бабаң, Сөзімде менің айтқан бар ма жалған? – дегенінде ізгі шындықтың ізі мен ақиқатты айғақтайтын негіз бар деп білеміз. Батыр жайында ер арасында, әсіресе, батырдың ұрпақтары тұратын аудан орталығында, Қыраш, Өзгент, Ақжол, Кейден, Әбдіғаппар атындағы және тағы басқа ауылдарда аңыз әңгімелер аз емес. Көкен батыр 1863 жылы қайтыс болған. Оның сүйегі Жаңақорған ауданы, қазіргі «Түгіскен» ауылының батыс жағындағы Аққорған әулие мазарына қойылған. |