Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталық болып саналады.
Кітапхананың тарихы 1867 жылдан басталатын байырғы мәдени ошақтардың бірі. 1867 жылы Перовск қаласында (Қазіргі Қызылорда) Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін кітапхана ашылды. Кітапхана Ресейдің орталық қалаларынан революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін патша үкіметімен осында жер аударылған алдыңғы қатарлы, озық прогрессивті ойлы адамдармен ұйымдастырылды.
1917 жылға дейін облыс аумағында небәрі 2 кітапхана болды (Қызылорда қаласы және Қазалыда).
1925 жылы 15 сәуір Бүкіл Қырғыз (Бүкіл Қазақстандық) Кеңестер съезі Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылдады. Сол кезден бастап (1925 ж.) 1938 жылға дейін бұрынғы қалалық уездік кітапхана көпшілік кітапхана деп аталды.
1938 жылы Қызылорда облысы құрылып, кітапхана облыстық кітапхана болып қайта құрылды. 1973 жылы кітапхана Ыбырай Жақаев көшесіндегі 930 шаршы метрлік мекен-жайға көшірілді. Оқырмандарға 70 орындық оқу залы ашылды.
1983 жылы М.Горький атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және қайта атау туралы» Қаулысына сәйкес Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Қазақстанның Халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтің есімі берілді.
Кітапхана 2009 жылы 400,0 мың дана кітап қорын сақтауға арналған типтік ғимаратқа көшірілді.
Кітапханада 7 бөлім, 8 сектор қызмет көрсетеді. Кітапхананың кітап қоры 430040 дананы құрайды. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді. Сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы болып табылады. Қорда 1003 дана сирек және құнды басылымдар бар. Кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап берілімі 514320 дананы құрайды.
Кітапхана пайдаланушыларына дәстүрлі кітапханалық қызмет және электрондық қызметтер көрсетіледі: электрондық каталогтардан ақпарат іздеу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электрондық жеткізу, кітаптар мерзімін онлайн ұзарту.
Облыстық кітапхана кітапхана процестерін автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «WEB-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істейді.
Кітапхана пайдаланушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, кітап тұсаукесерлері, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, кітап көрмелері, библиографиялық шолулар және т. б. шаралар ұйымдастырылады.
Кітапханада Ә.Тәжібаев музейі бар. Музейде Сыр елін, туған жерін өмірінің соңына дейін жырлап өткен ақынның кітаптары, қолжазбалары, құжаттары сақталған. Жыл сайын Ә.Тәжібаевтің туған күнінде – 4 ақпан күні дәстүрлі Тәжібаев оқулары өткізіледі.
2015 жылы қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, драмматург Қалтай Мұхамеджанов залы ашылды. Мұнда жазушының 8,0 мыңға жуық кітаптары, құжаттары, фотосуреттері және жеке заттары бар.
Кітапханада жұмыссыз жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмыс жасайды.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық алаңын қалыптастыру мақсатында кітапханада коворкинг орталық жұмыс ашылған. Балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған АРТ-студиясы, сурет салу, «Ісмер», «Алақай» қуыршақ үйірмелері, «Еркетай» балалар алаңы, «Оқуға құштар мектеп» , «Әжемнің ертегілері», «Кітаппен бірге өсеміз», «Жазғы кітапхана», «Арулар әлемі», «Жанға жайлы жүздесулер» жобалары жұмыс жасайды.
Кітапханада «Рауан», «Кездесу», «BOOKLOVER» жас оқырман клубтары, «Көркемсөз», «English for kids» үйірмелері және «ВООК саfе» жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда кітапхана заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жасақталған, тұтынушылардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санаттарына қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Ғимараттың жалпы алаңы 8413,5 шаршы метрді құрайды. Кітапхана ғимараты негізгі 3 қабаттан, цокольді және техникалық қабаттардан тұрады. Цокольді қабатта кітап қорларын сақтау және қосалқы қызмет көрсету бөлмелері орналасқан.




