Сәрке батырСәрке Өмірқұлұлы (шамамен 1680-1724) – Сыр өңіріне белгілі батыр. Кіші жүздің табын руынан шыққан. 16-17 жасында Ырғыз өңірінде қалмақтармен шайқасқа шыққан уақыттан бастап оның есімі Сыр табындарының ұранына айналған. Сәрке батыр асқан палуан да болған. Негізінен, құба қалмақ пен башқұрттармен болған ұрыстарға қатысқан. Сәрке батыр 1724 ж. 42 жасында қалмақтармен болған ұрыста қазіргі Жезқазған облысының Жезді ауданына қарасты Сартөбе деген жерде қайтыс болған. Келесі жылы сүйегін Қорқыт Ата қорымына әкеліп, қайта жерлеген. Сәрке қайтыс болған жер «Сәркенің төбесі», «Сәркенің ақшиі» аталып кеткен. Әрі жергілікті халық батырға арнап белгі соғады. Осы күнге дейін белгі басына ақ жалау іледі. Қазір белгінің орны бар. Көпшілік қауым ол жерді киелі орын санап, аурулы болса барып түнейтін көрінеді. |