БӘЙІМБЕТОВ ОРЫНБАСАРМемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов елге танымал тұлға, жұрт жадында жүрген қадірлі қария еді. Ол кісі өзінің бар ғұмырын адал еңбекке арнады. Өнегелі ісімен, дуалы сөзімен, жақсылық жасауға біртабан жақындығымен ерекшеленді. Орынбасар Бәйімбетов 1930 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Горняк совхозында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Адал еңбекпен ауылға танылған шаңырақта туылып, тынымсыз тірлік жасауға бейімделген бала 1947 жылы Қазалы зоотехникалық малдәрігерлік техникумына түседі. Оны бітірген соң Жаңақорған ауданында малдәрігері болып қызмет істейді. Бұл білімнің жетімсіздігіне көз жеткізген жас жігіт 1951-1956 жылдары Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтында оқыған. Одан соң 1961 жылға дейін Жаңақорған ауданында малдәрігері болады. Сол жылы Орынбасар Бәйімбетов Жаңақорған аудандық Совет атқару комитетінің бірінші орынбасары болып тағайындалса, арада бір жыл өткенде Сырдария ауданындағы 1 Май совхозына директор болып барып, сол жерде ұзақ жыл қызмет істеді. Ал 1967-1970 жылдары Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, аймақтағы алуан түрлі мәселелерді түбегейлі шешуге атсалысады. 1970-1983 жылдар аралығында Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1991 жылға дейін облыстық ауылшаруашылық басқармасының бірінші орынбасары, асыл тұымды мал дайындау мекемесінің директоры қызметін атқарады. Зоотехникалық ғылымды қой шаруашылығына дұрыс және ойдағыдай қолдана білгені Оранбасар Бәйімбетұлы Бәйімбетовке 1964 жылы «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мал дәрігері» құрметті атағы берілді. Осы еңбектегі жетістіктері үшін оған СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1967-1975 жылдар аралығында екі рет 7-8 шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1975
жылы Қазақстан Компартиясы ХV cъезінде Орталық
Комитетінің мүшелігіне сайланған. Тынымсыз еңбегі үшін Ленин, Даңқ, екі рет
Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Қызылорда облысының
Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының ХХ ғасыр адамы, Шиелі ауданының
Құрметті азаматы Орынбасар Бәйімбетовтің
өмірі бүгінгі жас ұрпаққа өнеге.
|