ПАК ПЕТР ПАВЛОВИЧ Петр Павлович Пак 1905 жылы Приморөлкесі Фаташи аулында туған.Қызылорда облысы Қазалы ауданының «Қызыл Ту» колхозында
егіс бригадасының звено жетекшісі болып істеді.
Петр Павлович өз звеносында еңбек ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударды. Ол звено мүшелерін бидай және күріш егістігін күтіп-баптауды дер кезінде сапалы жүргізетіндей етіп бөлді. Көктемгі егіс жұмыстарын оның звеносы алдыңғылардың бірі болып аяқтайтын. Звено әр гектардан 80 центнерден күріш өсіру үшін күресті. 1948 жылы П.П.Пактың звеносы осы міндеттемені асырып орындады. Олар өздеріне бекітілген 5 гектар егістіктің әрқайсысынан орта есеппен 80,5 центнерден күріш дәнін бастырды. Бидайдың да түсімі мол болды. Еңбектегі осы ерлігі үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1949 жылғы 20 мамырдағы Жарлығымен Петр Павлович Пакқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Звено мүшелері ордендармен наградталды. 1961 жылы зейнетке шықты. 1963 жылы қайтыс болды. |