ОРМАНТАЕВ КАМАЛОрмантаев Камал Сәруәрұлы 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Октябрь ауылында туған. Хирург, медицина ғылымдарының докторы (1971), профессор (1972), Қазақстан ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері (1981). 1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1963 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінде ассистент, кафедра меңгерушісі, 1980-1985 және 1993-2001 ж. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры болды. Негізгі ғылыми еңбектері балалар хирургиясына арналған. К.Ормантаев балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді; бассүйек пен миға жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп және оны емдеудің алты жаңа әдісін анықтады, сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалады. Бүгінгі таңда Қаз ГМУ балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 40-тан астам авторлық куәлігі және 1 патенті бар. Жыл дәрігері номинациясы бойынша "Алтын адам" (2000,2001) сыйлықтарын алған, "Тарлан-2004" ғылым жөніндегі жүлденің иесі. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999), "Парасат" орденімен марапатталған. 1999 жылдың 16 шілдесінде "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді. |