ӘБДІХАЛЫҚОВА ЕЛЕНАӘбдіхалықова Елена Мәжитқызы 1970 жылы Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменұлы ауылында туған. Сазгер, айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты (2004), Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1998), Қызылорда гуманитарлық университетінің филология факультетін бітірген (1992). Әбдіхалықова мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айтысқа қатысып, 1990 жылы Қызылорда қаласында өткен Рауан аймақтық фестивалінің лауреаты атанды. 1992-1993 жылы Бішкекте өткен "Ақ таңдай", республикалық "Үкілі үміт" (1995 ж. Алматы), Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық әншілер (1996 ж. Шымкент) конкурстарының жүлдегері, 50-ге тарта республикалық, облыс ақындар айтысының жеңімпазы. Москва, Санкт-Петербург қалаларында өткен Наурыз мерекесінде өнер көрсетті. Лена ақын, әншілігімен қоса, талантты композитор. Оның республика көлеміне танымал "Сыр елі", "Көздеріңе ғашықпын", "Есіңе мені алғайсың", "Ғажайып түн", "Маңғыстау", "Астана туралы ән", "Өзің қашан оралғанша", "Сені көрдім", "Қош дерсің" т.б. 40-тан астам әндері бар. 1997 жылы Стамбул, Орск, Ташкент қалаларында өткен Дүниежүзі Қазақтарының Құрылтайына қатысып, өнер көрсетті. 2000 жылы "Қарашық" - өлеңдер мен әндер жинағы, 2003 жылы "Сыр сүлейлерінің жазба айтысы" – ғылыми зерттеу еңбегі, 2004 жылы "Бақыт құсы" атты жыр жинағы жарық көрсе, 2000 жылы "Есіңе мені алғайсың" атты үнтаспасы, 2004 жылы "Қош дерсің…" атты компакт-дискісі шықты. 1995-2001 жылдары Қызылорда гуманитарлық колледжінде ұстаздық етті. Қазір Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметкер. |