Зәкіров ҚайырбайҚызылорда облысының Арал қаласында 25 ақпан 1945 жылы туған. 1968 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірді. 1974 жылдан республикалық бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысушы. 1976 жылдан КСРО Суретшілер одағынын, кейін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1992-1995 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педогогика институтының бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі болды. Шығармашылық туындылары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайынан, басқа да көркемсурет мұражайлары мен әр елдердегі дербес коллекциялар қорынан орын алған. 1999 жылы «Тұмар», «Шалқасынан туған ай» атты өлең жинақтары басылым көрді. Қ.Зәкіровтың шығармашылық тақырыптары уақытпен, ежелгі әдет-ғұрып салт-санамен, бабалардың рухани сабақтастығымен, экологиялық мәселелермен тығыз байланысты. Оның өнері интеллектуалды-философиялық көп қырлылығымен ерекшеленеді. Суретші этностық негіздегі рухани этикаға әсері тиген көшпенділер өміріндегі әлеуметтік өзгеріске аса мән береді. Графикалық серияларындағы суретшінің әр түрлі техникалық тәсілдерді меңгерудегі шеберлігі сүйсінтеді. Нәзік офорттық сызықтар, дәнекерлі фактура, бұлдыр елесті келбет графикалық туындының құпия әлемін ашатындай. Суретшінің кескіндемелі жұмыстары бояу түстерінің айрықша құбылысымен баурайды. Қ.Зәкіровтың ең тамаша кескіндемелеріне бүкіл жаһан дүниедегі адамның жалғыздығына қатысты ой негіз болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1976 жылдан КСРО Суретшілер одағының дипломанты, 1989 жылдан Биенал Әзірбайжан, Орта Азия және Қазақстан Суретшілер одағының дипломанты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты (1996 ж.), Қызылорда облысы әкімінің стипендиаты (2008), республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын адам» номинациясының «Самғау» медалімен марапатталған. |