«Қаламы қазыналы қаламгер» Жазушы-драматург Сұлтанəлi Балғабаев - 70 жаста

  Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарының иегері, жерлесіміз Сұлтанəлi Балғабаевтың 70 жылдық мерейтойына орай «Қаламы қазыналы қаламгер» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.

  Мақсаты: Сұлтанәлі Балғабаевтың өмір жолымен таныстыру, шығармашылығын насихаттау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.

    С.Балғабаев 1946 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 10 жылға жуық Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған. 1992 жылдан Дүниежүзілік қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, 2002 жылдан «Алтын бесік» журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының соңғы үш құрылтайында одақтың басқарма мүшесі болып сайланған. Сонымен бірге қазір Жазушылар одағының Драматургия кеңесінің төрағасы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарады.

    С.Балғабаевтың «Жұлдызың жансын» (1978), «Алтын сағым» (1979), «Құм мен қызғалдақ», «Шөл» (1984), «Дала мен дария» (1988), «Қазақтың қызыл кітабы» (1988), «Красная гармонь» (1992), «Ең әдемі келіншек» (2006) жинақтары жарық көрген. «Сырдария кітапханасы» сериясына (2009) қаламгердің «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» атты екі томдық таңдамалы шығармалары жарыққа шыққан.

     С.Балғабаев 80-ші жылдардан бастап драматургия жанрында жемісті еңбек етіп келеді. «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес» (Қазақстан Мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінде жүлде алған), «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр», «Сағыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам», «Әйелдер әлемі» атты пьесалары республикалық театрларда сахналанған. Автордың драмалық шығармалары «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз» деген атпен екі рет кітап болып жарық көрген.

Кітап көрмесі 2 бөлімнен тұрады

1. Әдебиеттің сыршыл шебері

2. Сұлтанәлі Балғабаевтың театр әлемі

«Қаламы қазыналы қаламгер» атты кітап көрмесіне С.Балғабаевтың көркем әдеби және драмалық жинақтары, өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін кітаптар, баспасөз материалдары, суреттер қойылды.


 

 


 


 

24 қазан 2016 ж. 18:07
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: