Майқанова СәбираМайқанова Сәбира 1914 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. 1958 жылы Қазақстанның, 1970 жылы КСРО-ның халық артисі. 1932 жылы қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты. Театр сахнасындағы тұңғыш ролі – Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай болды. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д.Рахманқұлов «Документ»), Золотова (В.М.Киршон «Астық»), Рая (М.Әуезов «Алма бақ»), Гүлжамила (М.Әуезов, Ә.Тәжібаев «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К.А.Тренов осы аттас пьеса), Әлжан (Әуезовтің «Абай» романы бойынша), Зейнеп (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов), Мақпал (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Толғанай (Ш.Айтматов, «Ана-Жер-ана»1967 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына ие болған), Кесария (О.Ш. Иоселиани, «Арбаң аман болсын), Тхан (И.П.Куприянов «Вьетнам жұлдызы) сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды. Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтылығымен ерекшеленеді. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Актриса классикалық туындылар бойынша Ж.Б.Фрозина (Мольер «Сараң»), Мария Антоновна (Н.В.Гоголь «Ревизор»), Кабаниха мен Галчиха (А.Н.Островский «Найзағай» мен «Жазықсыз жапа шеккендер»), Марина (А.П.Чехов «Сүйікті менің ағатайым»), Көклән мен Мөржан, Мамық (Б.Майлин «Майдан», М.Әуезов «Қарақыпшақ Қобланды» мен «Қарагөз») т.б. ролдерін ойнады. Жазушы Д.Исабеков Сәбира Майқановаға арнап «Мұрагер» драмасын жазады, 1983 жылы осы қойылымда актриса басты рөл - Салиқаны ойнайды. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. Актриса 1995 жылы Алматы қаласында дүние салды. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі Мәдениет үйі Сәбира Майқанованың есімімен аталады. |