БИСЕНОВ АЛДАБЕРГЕНБисенов Алдаберген 1926 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Аққұм ауылында дүниге келген. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері (1971). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қызылорда ауыл шаруа техникумын (1955), Алматыдағы кеңшар директорларын даярлайтын бір жылдық курсты (1964), Қазақ ауылы шаруа институтын (1970) бітірген. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, оны Берлин түбінде жеңіспен аяқтады. 1950 жылға дейін шекаралық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1951–52 жылы Тереңөзек ауданындағы байланыс жүйесінде істеді. 1955–60 жылы Жалағаш ауданының «Мәдениет» атындағы МТС-та бөлімше механигі, «Еңбек» ұжымшарының бас инженері қызметтерін атқарды. 1962 – 72 жылы Жаңаталап кеңшарында директор. 1972 – 88 жылы «Қазақстанның 50 жылдығы» шаруашылығын басқарды. 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Бисенов ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын биік деңгейге көтеріп, егіншілік ахуалды жақсарту жолында нәтижелі еңбек етті. КСРО жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарын алды. Бисенов есімі Қазақстанның «Құрмет Алтын кітабына» жазылды. І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен марапатталған. 2002 жылы 23 маусымда қайтыс болды. |