ӨТЕУЛИЕВА ҰШТАПҰштап Өтеулиева 1910 жылы Қызылорда облысындағы ауылдардың бірінде туған. 1945 жылы Арал балық тоңазытқыш комбинатында жұмыс істей бастады. Көп ұзамай тоңазытқыш цехында сорттаушы мамандығын үйренді. Бригадир етіп тағайындалды. Ол басқарған бригада норманы 150 процентке орындап жүрді. 1959 жылы завод тоңазытатын баржа алды, онда теңіз үстінде жүріп-ақ ауланған балықты ізінше тоңазытуға болатын еді. Ашық теңізде жұмыс істеудің қиындығына қарамастан Ұштап Өтеулиева баржада жұмыс істеуді өзінің борышы деп санады. Көп ұзамай ол жұмыс істейтін баржа алдыңғылар қатарына шықты. Өтеулиева Ұштап «Социалистік жарыстың озаты» белгісімен марапатталды. Еңбектегі аса көрнекті табыстары үшін Халықаралық әйелдер күнінің 50 жылдығы құрметіне СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1960 жылғы 7 наурыздағы Жарлығымен Өтеулиеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол баржада 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, оның балықты сорттау жөніндегі тәжірибесі Арал балық комбинатындағы балық сорттаушы үлкен коллектив үшін үлгі болып қалды. Ұштап ең озат, белсенді қызметкерлердің қатарында болды. Өзінің ерлік еңбегімен Ұштап аралдық балықшылар арасында зор беделге ие болды. 1961 жылы еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советінің, 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік Советінің депутаты болып сайланды. 1965 жылы зейнетке шықты. Ол еңбекшілер депутаттары Арал қалалық Советінің депутаты ретінде қоғамдық жұмыс атқарып жүрді. Өтеулиева Ұштап 1978 жылы 31 шілде айында дүниеден озды. |