ҚАРАТАЕВ МҰХАМЕДЖАНМұхамеджан Қожасбайұлы Қаратаев 1910 жылы 27 желтоқсанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Телікөл ауылында туған. Әдебиет зерттеуші, Қазақ КСР Халық жазушысы (1987), филология ғылымының докторы (1963), профессор (1965), Қазақстан ҒА-ның академигі (1975). Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1974). Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген (1933), Ленинградтың (Санкт-Петербург) тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1936). 1936-38 жж. Қазақстан Жазушылар Одағында жауапты хатшы, төрағасы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ және орыс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы президиумының мүшесі, Қазақ әдебиеті секторының меңгерушісі. 1947-51 жж. Жамбыл педагогика училищесінде оқытушы, 1955-60 ж. "Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының" редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры.1968-79 жж. "Қазақ Совет энциклопедиясының" бас редакторы, 1979-1988 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, кеңесшісі. Жалған айып тағылып, 1938-51 ж. аралығында саяси қуғынға ұшыраған. М.Қаратаев 30-жылдардан сыншы-ғалым ретінде қазақ әдебиетіне белсене араласты. 50-жылдардың орта кезінен бастап қазақ әдебиетінің даму тарихын, теориясын, эстетикалық мақсат-мұратын зерттеумен шұғылданады. Қазақ әдебиетінің қалыптасу проблемаларын зерттеді. "Туған әдебиет туралы ойлар" (1958), "Шеберлік шыңына" (1963). "Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы" (1965), "Эпостан эпопеяға" (1969), "Революция рухымен" (1978), т.б. еңбектер жазды. М.Қаратаевтың алғашқы күрделі еңбегі – С.Сейфуллиннің "Қызыл ат" поэмасы туралы мақала. "Даладағы дабыл" атты публицистикалық романы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет басылды. М.Горькийдің "Менің университетім", М.Шолоховтың "Тынық Дон" романын (3 кітап) қазақ тіліне аударған. М.Қаратаев – көптеген оқулықтардық авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі болды. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі (1974). "Асулар алда" атты сын кітабы үшін Қазақстанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1974) атағын алды. Ғылымға сіңірген көп жылдық еңбегі үшін Қазақстан ҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері болды (1985). Еңбек Қызыл Ту, Халықаралық Достығы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған. |