САПАРБАЕВ БЕРДІБЕК МӘШБЕКҰЛЫБердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін ол еңбек жолын 1969 жылы Жаңақорған ауданындағы "Задария" кеңшарында жұмысшы болып бастады. 1971-1973 жылдары әскери борышын Германияда өтеді. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1977-1978 жылдары Қазақ ССР Қаржы министрлігінде алғашында экономист, кейіннен бас экономист, бөлім бастығының орынбасары қызметтерінде болды. 1988-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Басқарма бастығы, министрдің орынбасары болды, 1994 жылдың қаңтарынан тамызына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты мен Министрлер Кабинетінің әлеуметтік және еңбек қорғау, қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1994 жылғы тамыздан 1995 жылдың наурызына дейін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Басқарма істерінің әлеуметтік және еңбек қорғау, қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1995 жылғы наурыздан қыркүйек айына дейін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппаратының басшысы, Республика Министрлер Кабинетінің мүшесі болды. 1995 жылы Қызылорда облысы, 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды, ҚР Кеден мекемесінің бастығы болды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. 1999 жылдың 16 шілдесінде Б.Сапарбаевқа "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді. |