СҮЙЕНІШ ҚОМШАБАЙ1937 жылы 14 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының «Жаңа талап» кеңшарында дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, 1959-62 жылдары Қызылорда облыстық радио комитетінде, 1962-82 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінде қызмет атқарып, 1982-92 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы кеңесшісі, 1996 жылдан бөлімше директоры болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алғашқы өлеңдері 1959 жылы жариялана бастады. Қомшабай Сүйенішұлының «Тереңдегі ағыстар» (1985), «Сап-сап, көңілім» (1988), «Сая таппай, сай таппай» (1993), «Гөй - гөй» (1996), «Һәм жабықтым, һәм қамықтым» (2003) атты жыр кітаптары жарық көрді. Әр жылдарда әдеби журналдарда «Ғашық едім қайтейін...», «Дүние бір қисық жол» т.б. әңгіме, романдары, «Дон ағысы», «Кенже бала», «Алдаберді мен Әтіркүл» сияқты жыр, проза, драмалары жарияланған. Драмалық шығармалаларының ішінен «Сен де жалғыз, мен де жалғыз», «Әлі бойдақпысың?» пьесалары Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойылып келеді. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қызылорда қаласының Құрметті азаматы (1999). |