Құдайберген Сұлтанбек Құдайберген Тәуекелұлы Сұлтанбаев (1947 жылы Қызылорда облысының Арал ауданы - 2010). - актер, қоғам қайраткері. Өнердегі жолын 1970 жылы «Гүлдер» ансамблінде жарық берушіліктен бастаған ол сан қырлы талантымен халықтың сүйікті
актеріне айналды. Жас кезінде ауыр атлетикамен, акробатикамен айналысқан.
1974-1992 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер институтының
актерлік мамандығын, Абай атындағы Мемлекеттік
университетінің заң факультетін бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданып, өмірінің соңына
дейін осы театрда қызмет етті. Қара шаңырақ сахнада: Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Жарас, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы
Көрпеш - Баян сұлуында» Жантық, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Майсалбек, «Ғасырдан ұзақ күнінде» Сәбитжан, Оралхан Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» Гитарашы жігіт, Асқар
Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамазында» Собес, Әбжәміл
Нүрпейісовтің «Қан мен терінде»
Тілмаш, Дулат Исабековтің «Әпкесінде» Тимур, Уильям Шекспирдің «Гамлетінде» актер, «Ричард Ш»-де Епископ, Ф.Эрвенің
«Түлкі бикешінде» режиссер көмекшісі, Николай
Гогольдің «Ревизорында»
Бобчинский, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Тілші, Е.Уахитовтың
«Құдаларында» Әбдісалам, тағы да басқа көптеген толымды бейне сомдады. Актердің
соңғы сәтті жаңа жұмысы премьерасы жуырда ғана өткен Ә.Рахимовтің «Қылмыскерге
куәлік» спектакліндегі Әкім бейнесі еді. Оның бұл бейнелері қазақ театр
тарихынан өзіне лайықты орнын алары анық. Қ.Сұлтанбаев сан қырлы талант болды.
Оның ерекше бір таланты – сатира жанрында жарқырай көрінді. Бұл тұста Тамаша
әзіл-сықақ театрының іргесін қалаушылардың
бірі болған актер өмірінің соңына дейін оның бағдарламаларына белсене қатысып,
көрерменін хас өнерімен сусындатып өткенін атап айту керек. Көрнекті актер кино
өнерінде де өзіндік із қалдырды. Ол режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің бірнеше фильмінде, сондай-ақ
«Б.Шамшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу»,
С.Тәукелдің «Махамбет»,Рүстем Әбдірашевтің«Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе»,
т.б. көркем фильмдерде әрқилы да қызғылықты бейнелер жасады.
|