«Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесі
Қызылорда облысының Астана қаласындағы күндері аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – Сыр бойының түркі дүниесінің данышпаны ұлы Қорқыттың туған жері ғана емес, бүкіл түркілік, шығыстық өркениетке ошақ болған қасиетті мекен екендігін, осынау қалың қатпарлы тарихтың куәгері болған өлкенің қазіргі күні дамудың жарқын жолына түскендігін паш ету. Көне тарихқа, даланың шыншыл шежіресіне көз жүгіртсек Сыр бойы береке-бірлігі бұзылмаған ұйытқылы жұрттың Ұлы ордасы болғанын көреміз. Қиын-қыстау күндерде ұлтқа пана, өзегі талған өзгеге сая болған өркенді өңір жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөзінің түп-төркіні осында жатса керек. Көрменің «Елбасы Сыр елінде» атты бірінші бөлімі елбасының әр жылдарда өңірімізге жұмыс сапармен келген тарихи кезеңдеріне арналған. 2009 жылдың қараша айында іс-сапармен келген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кітапханаға соқпай кетпеді. Елбасы заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған жаңа кітапхананы аралап көріп, қазақтың көрнекті ақыны Ә.Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған «Жұлдыз шашқан жырлар» поэзия кешіндегі республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүрген оқушылардың өлеңдерін тыңдады. Көрменің «Тарихы өсиетті, қойнауы қасиетті Сыр елі» атты екінші бөлімі, тарихи тағылымы мол осы ғажайып өлкеде түркі тілдес халықтардың үш астанасы бой көтергендігінен сыр шертеді. Олар, 7-11 ғасырлардағы Оғыз астанасы – Жанкент, 13 ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтарының кезіндегі – Ақ Орда, 15-18 ғасырларда қазақ хандықтарының орталығы – Сығанақ. Ал 1925-1929 жылдары Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының астанасы – Қызылорда қаласы, Сыр жерінің құтты мекені. Сыр бойы өңірі қазір дамудың жарқын жолына түсті. «Өңірдің өркенді келбеті - тәуелсіздік жемісі» атты бөлім тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысында әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалардың өсіп, дамығандығын көрсетеді. Соңғы кезде облыс, аудан орталықтарында, елді мекендерде әсем де сәулетті тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени объектілер бой түзеуде. Жерінің асты мен үсті қазына-байлыққа толы өлкеміз бүгінде индустриялық-аграрлық облыс болуға бетбұрыс жасауда. Көрменің «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалар» бөлімі Сыр жерінің қазақ халқының үш кемеңгерінің бірі, орақ ауыз, от тілді шешені Әйтеке бидің, өз дәуірінің көреген көсемі, даңқты қолбасшы, мемелекет қайраткері Самарқанның 30 жылдан астам әмірі болған Жалаңтөс Баһадүрдің, туған жерін жат жерлік басқыншылардан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұхарбай, Бақтыбай сынды хас батырлардың, еркіндік сүйгіш ұлтжанды Мұстафа Шоқайдың Отаны екендігінен хабар береді. Ал, қазақ әдебиеті мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің тас қабырғасына қашалып жазылған есімдер – Т.Жүргенов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров және т.б киелі жердің мақтанышы екені анық. «Жыр әннің елі, Тұранның төрі Сыр елі» атты бөлім «Сыр елін – жыр елі» атандырған, жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Бұдабай, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуған сынды Сыр сүлейлері мен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерін асқақтатып, жер-жерлерден жүлделермен оралып, өлкенің даңқын шығарып, мәртебесін көтеріп жүрген өнерпаздарымызға арналған. Кітап көрмесіне 300-ге жуық кітаптар мен баспасөз материалдары қойылды.
|