«Жыр әннің елі, Тұранның төрі - Сыр елі»

     Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай кітапханада «Жыр әннің елі, Тұранның төрі - Сыр елі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты - Сыр бойының түркі дүниесінің данышпаны ұлы Қорқыттың туған жері ғана емес , бүкіл түркілік, шығыстық өркениетке ошақ болған қасиетті мекен екендігін, осынау қатпарлы тарихтың куәгері болған өлкенің қазіргі күні дамудың жарқын жолын айқындау болып табылады.

    Көрменің «Сыр елі – тарих шежіресі» - атты бірінші бөлімі тарихи тағылымы мол осы ғажайып өлкеде түркі тілдес халықтардың үш астанасы бой көтергендігінен сыр шертеді. «Туған ел тұлғалары» бөлімінде Сыр жерінің қазақ халқының үш кемеңгерінің бірі, орақ ауыз, от тілді шешені Әйтеке бидің, өз дәуірінің көреген көсемі, даңқты қолбасшысы, мемлекет қайраткері Самарқанның 30 жылдан астам әмірі болған Жалаңтөс Баһадүрдің, туған жерін жат жерлік басқыншылардан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай, Бақтыбай сынды хас батырлардың, еркіндік сүйгіш ұлтжанды Мұстафа Шоқайдың Отаны екендігінен хабар береді. Ал қазақ әдебиеті мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің тас қабырғасына қашалып жазылған есімдер: Т.Жүргенов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров және т.б. киелі жердің мақтанышы екені анық. «Жаңарып, жасанған Қызылорда» атты бөлім тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысында әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалардың өсіп, дамығандығын көрсетеді.Соңғы кезде облыс, аудан орталықтарында , елді мекендерде әсем де сәулетті тұрғын үйлер, әлеуметтік - мәдени обьектілер бой түзеуде. Жерінің асты мен үсті қазына-байлыққа толы өлкеміз бүгінде индустриялық-аграрлық облыс болуға бетбұрыс жасауда. «Жыр-жақұт Сырдың арнасы» атты бөлім Сыр елін - жыр елі атандырған,жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Бұдабай, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуған сынды сыр сүлейлері мен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерін асқақтатып, жер-жерлерден жүлделермен оралып, өлкенің даңқын шығарып, мәртебесін көтеріп жүрген өнерпаздарымызға арналған.

    «Сыр мәдениеті-жаңа ғасырда» Қазақстанның өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, осы саланың шоқтығын көтеріп келе жатқан мәдениет және өнер адамдары туралы кітаптар қойылды.


 

 

15 желтоксан 2016 ж. 11:06
0 қарау
Пікір қосу
Аты-жөні: *
E-mail: *
Пікір:
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Кодты енгізіңіз: