«11-ші аймақ латын әліпбиіне көшеді» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.2018 жылдың 6 маусым күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «11-ші аймақ латын әліпбиіне көшеді» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мақсаты: Елбасының болашаққа деген нығыз, әрі негізгі қадамдарының бірімен таныстырып, оның маңыздылығы мен қажеттілігін айқындау, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын сақтау үшін қажеттілігі туралы, жастарды қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген жаңа үлгісімен таныстыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және келешегін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат беру. Көрмеге 1929-1940 ж.ж. аралығында жарияланған латын тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар, латын әліпбиі жайындағы газет-журналдарға шыққан материалдар ұсынылды. Ұсынылған кітаптардың арасында 1933 жылы шыққан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының таңдамалы өлеңдері, 1933 жылы шыққан С.Торайғыровтың шығармалар жинағы, А.Тоқмағамбетовтың 1935 жылы жарияланған жинағы, Қ.Әбдіқадырдың «Тәтті қауын» әңгімелер жинағы, Мұхтар Әуезұлының 1935 жылғы «Тас түлек» секілді кітаптары бар. Сирек кітаптар қорынан 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиімен басылып шыққан қазақ зиялыларының шығармалары, көркем әдебиеттер мен балаларға арналған кітаптар қойылған. Онда Абайдың аудармалары мен қара сөздері, өлеңдері, сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, М.Өтемісовтың өлеңдері, Батырлар жыры, Қазақ ертегілері, 1941-1943 жылғы латын қарпімен жазылған мақалалар жарияланған «Күрішшілер», «Стахановшы», «Қызыл ту» газеттері қамтылған. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшудегі қазақ тілінің рөлі туралы кітаптар, сөздіктер мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған материалдар, түрлі жылдары басылып шыққан қазақ тілінің ережелері қойылды. Шараға жастар, «Кездесу» клубының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Көрмеге 130 кітап және мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалалар қойылды. Кітап көрмесіне шолу жасалынды. |