Домбыра – асыл мұра29 маусым күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана фойесінде Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Домбыра – асыл мұра» атты мәдени шара өткізілді. Шараның мақсаты – Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығын көрсету, домбыра аспабының тарихымен таныстыру, жастарды өнерді құрметтеуге баулу, қазақтың халық шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге қолдау көрсету. Елбасы Жарлығымен енді шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Қазақ халқының шежіресін шерткен көне аспап – домбыра қасиетті құрал ғана емес, талай кезеңдердің тарихи куәгері. Қуанышы мен жұбанышында да, қайғысы мен мұңында да домбыра қазаққа серік болды. Тілді де, дінді де, ділді де жойып жіберуге шақ қалған 70 жылдық Кеңестің темір режимінде де домбыра үні өшкен жоқ. Оған дәлел кешегі Құрманғазы, Дина, Ахмет Жұбановтар мен Нұрғисалар. Демек Ұлттық домбыра күні - Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі болды десек артық айтқандық емес. Мәдени шара барысында Елбасы бекіткен мерекенің мәні мен маңыздылығы жайында, домбыраның қазақ өмірінде алатын ерекшелігі жайында айтылды. Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптар оркестірінің домбырашылары Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындады. Шара соңында қонақтарға «Домбырам, жүрегіммен үндес едің...» атты кітап көрмесі таныстырылып, әдебиеттерге шолу жасалды.
|