«Рухани жаңғыру – жастар таңдауы» (пікір алмасу кеші)Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2018 жылдың 16 қараша күні «Рухани жаңғыру – жастар таңдауы» пікір алмасу кешін ұйымдастырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түп мақсаты халыққа арналғанымен, соның ішінде жастарға деген үлесі басым. Пікір алмасу кешінің мақсаты – жастардың бойында ұлттық сананы ояту, ұлттық рухты сіңіру. Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің жастар үшін маңызын насихаттау аясында оларды алға жетелеу. Шара барысында «Ізет» қоғамдық қорының директоры, бизнес-тренер Үмбетаев Шыңғыс Амантайұлы әрбір қазақстандық жас осы мақаладағы көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жұмыс жасауы керек екендігін атап өтті. «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясына жүзеге асқан жастарға кәсіби бағдар беріп, мамандық таңдауға ықпал ететін «Профориентациялық орталықтың» негізін қалаушы, психолог-коуч Әсем Жақаева мамандық таңдауда негізгі ұстанымдарға тоқталып өтті. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауы пікір алмасу кешінің негізгі тақырыбына айналды. Жастар белсенді пікір білдіріп, мамандардан өзекті сұрақтарына жауап алды. |