14 желтоқсан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Өнерім саған, Тәуелсіз Қазақстаным!» атты патриоттық әндер кеші ұйымдастырылды. Кештің мақсаты - жастардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру арқылы оларға патриоттық тәрбие беру, Отанына, өзінің еліне деген құрметін арттыру, мәдениеті мен дәстүрін тануға көмектесу, сонымен қатар өнерге, әдемілікке баулу.
Шараға Қызылорда көпсалалы, Болашақ және Өркениет медициналық колледждерінің студенттері қатысты. Өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік туын биікке көтерген Қазақстан халқының жарқын бейнесі жайында өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Ұлт мерекесіне тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз баянды болсын деген ізгі ниеттерін жастар өнерлері арқылы білдірді.
Кеш аясында егемен еліміздің өткені мен бүгіні, ата-бабаларымыз аңсаған азат күнге қол жеткізген ұрпақтың өткені мен ертеңі туралы сыр шертетін «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты кітап көрмесі дайындалды. Көрмеге Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері», А.Айталы «Байсалды ел байқаусыз қате жібермесін», «Древо независимости: от истоков к процветанию», «Тәуелсіздік шежіресі», Ш.Елеукеновтің «Тәуелсіздік биігінен», М.Қозыбаевтың «Киелі Тәуелсіздік», М.Жолдасбековтың «Тәуелсіздік тағылымы», Ә.Нысанбаевтың «Тәуелсіздік. Демократия. Гуманизм», А.Морозов «Казахстан за годы независимости», «Летопись независимости» және тағы басқа да Тәуелсіздік туралы кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды.
Шара соңында кешке жиналған көпшілік қауым көрмемен танысты.