Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2019 жылдың 26 қыркүйек күні қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95 жылдығына орай «Әдебиет әлемінің абызы» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Мақсаты: жазушының өмірі мен шығармашылығын оқырман қауымға кеңінен таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қаламгер шығармалары бүгінде қазақ әдебиетінің бай мұралары болып саналады. Жазушының тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрген. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілген. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырылып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Ә.Нұрпейісовтың «Сондай да бір күн болған » дилогиясы 2015 жылы оқырмандарға ұсынылды.
Аталмыш шараға қатысушы қонақтар: Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатыров, Қазақстан жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозов, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жаңбершиева, «Болашақ» университетінің филология ғылымдарының кандидаты Сара Тайманова және «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы, «Кездесу» клубы мүшелері, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты. Шара қонақтары қаламгердің әлемдік ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосқан баға жетпес мол мұраларын оқуға шақырды.
Кеш барысында «Қазақтың дара қаламгері» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалынды.