Қазір Қызылорда қаласындағы 400- ге жуық үлкенді-кішілі көшелер мен тұйықтардың жартысынан астамы, тарихта өз орнын алған тұлға батырларымыз, ел таныған құрметті азаматтары мен сыр елінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың аттарымен аталған.
Алайда олардың атын білгенімізбен, көбімізге сол тұлғалардың өмір жолы мен өнегелі істері таныс емес. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2019 жылдың 21 қараша күні қала тарихы мен есімдері қала көшелеріне берілген тұлғалардың өмір жолымен таныстыру мақсатында «Қала көшелеріне саяхат» атты интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды.
Шараға қаламыздағы №15 Мырзабек Дүйсенов атындағы мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары мен ұстаздары және кітапхана оқырмандары қатысты. 4 кезеңнен тұратын сайысқа қатысқан командалар Қызылорда тарихы, мәдениеті, өнеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.
Сонымен қатар қатысушылар өзіндік шертер сыры бар қала көшелеріне виртуалды саяхат жасап, тарихы тереңде жатқан көшелермен және көше атауына есімдері берілген белгілі тұлғалар туралы мол ақпарат алды. «Туған қаламның көшелері сыр шертеді» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.