2020 жылдың 16 қаңтар күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында түркі жұртының ұлы ойшылы, ғалым, энциклопедист, гуманист Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби әлемі» атты кітап көрмесінің ашылуы ұйымдастырылды. Мақсаты: ғұлама ғалымның бай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау.
Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (200-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Көрмеге ұлы ойшылдың “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты философиялық еңбектері, трактаттары мен еліміздегі фарабитану мектебі аясында жарық көрген Әл-Фараби туралы құнды еңбектері қойылды.
Шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Сәтбай Тастанбек, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тасболат Медетбаев қатысып, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына талдау жасап, тарихи тұлғаның еңбектерін оқып –үйрену бүгінгі жас ұрпақтың ізгі міндеті екендігіне тоқталды.