«Ат басына − күн туса, ауыздығымен су ішер. Ер басына – күн туса, етігімен су кешер» дегендей, кешегі қиындықтарға толы, Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарып, ақ алмастай әділдігімен, шынайы шыншылдығымен, халыққа жаққан, өте қарапайымдылығымен, мемлекет ісіне келгенде өзін де, өзгені де аямайтын талапшылдығымен танылған Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына биыл – 90 жыл.
Осы орайда, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 22 маусым күні «Қайсар тұлға» атты виртуалды кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мақсаты: Біртуар атпал азаматтың жарқын бейнесін, жүріп өткен жолын жас ұрпаққа беретін тағылымы зор мәліметтерді насихаттау.
Кітап көрмесіне С.Аңсатовтың «Әуелбековтің әулеті», М.Байғазиннің «Ел үшін туған ер аға», И.Жұмағұловтың «Ақ жүректі азамат», М.Исмаиловтың «Өз заманының тұлғалы азаматы», К.Салықовтың «Жұлдызы жанған азамат», Ә.Алмағамбетовтың «Қоғам қайраткеріне құрмет», Т.Әбішевтің «Жұлдыздар ағады, бірақ сөнбейді», 2018 жылғы «Аңыз адам» журналында жарияланған «Бір үзік сыр» атты мақалалар мен «Сыр елі» Қызылорда облысы энциклопедиясы, А.Дәулетұлының «Сыр саңлақтары» әдебиеттері, А.Кіребайұлының «Еркін Әуелбековке» атты арнауы қойылып, көпшілікке таныстырылды.