«Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби кешБиыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып таңдалған 30 үздік шығарманың ішінде жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» роман-хикаяты жалпыхалықтық оқуға ұсынылды. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау мақсатында – 27 тамыз күні жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» кітабына арналған «Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби кеш өткізілді. Шара барысында автордың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. «Періштелердің өлімі» атты екі хикаяттан тұратын романнан үзінділер келтіріліп, кітапхана оқырманы «Жауқазын-ғұмыр» шығармашылық клубының мүшесі Мантай Назерке роман-хикаяты бойынша шолу жасады. «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының және автордың осы роман бойынша жазған естеліктерінен дәйек сөздер келтірілді. |