9 сәуір күні танымал суретші Ә.Қастеевтің 120 жылдық мерейтойы аясында «Этюд» графика және дизайн арт-студиясы оқушыларының қатысуымен «Бір суреттің тарихы» айдарымен танымдық сабақ өткізілді. Сабақ барысында Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің танымал туындыларының тарихы таныстырылды. Алдымен жастарға суретшінің 1945 жылы салынған «Жас Абай» туындысы туралы айтылды. Кітапты жаңа ғана оқып болып, көкжиекке қарап ойланып тұрған жас ақынның бейнесін дәл сомдау үшін Әбілхан Қастеев жазушы Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасып, тіпті Абай ауылына да барған екен. Дәл сол уақытта портрет жүлделі орынға ие болған. Тарихы таныстырылған суретшінің екінші туындысы «Амангелді Иманов» портреті. Батырдың ешқандай суреті сақталмағандықтан Әбілхан Қастеев шынайы образ сомдау үшін Торғай өңіріне барған екен. Көзі тірі сарбаздарға жолығып, батырдың түр-сипатын, мінезін дәл беруге тырысқан. Шара барысында суретшінің өмірі мен шығармашылығы жайында қызықты мәліметтер айтылды.