6 желтоқсан күні облыстық кітапханада қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды.Мақсаты - ел тарихының беттерінде есімі алтын әріппен жазылған, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал еткен, біртуар тұлғаның тағылымды өмір жолдары мен ерен еңбектерін насихаттау, есімін ұлықтау, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру.
Шараға Қорқыт Ата атындағы ҚУ тарих пәнінің оқытушысы А.Әзірбекова, «Оrda» жоғары колледжінің оқытушысы Б.Жүсіпова, «Qazbilim QyzyIorda» ұлттық лицейінің мұғалімі Б.Лесханқызы, №176 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Кеш қонақтары Тұрар Рысқұловтың қазақ халқын ашаршылықтан қалай құтқарғаны, азық-түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы белсенділігі, қайраткерлігі, халқының қамы үшін өз басын бәйгеге тіккен ерең еңбегі туралы ойларын ортаға салып, тұшымды ақпараттар берді. Оқырмандар арнау өлеңдерін оқыды. Оқырмандар назарына «Алаштың қайсар ұлы» атты кітап көрмесі ұсынылды.