"Ерлікке тағзым" 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай "Ерлікке тағзым" атты кітап көрмесі Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткізілген «Ауған соғысының ақиқаты - патриотизмнің жарқын бейнесі» атты іс-шараның аясында ұйымдастырылды. Мәдени шараға Ауған соғысының ардагерлері, генерал-майор Ерниязов Әлімжан Қанағатұлы, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов және Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері қатысты.
Ауғанстан туралы ақиқатты жас ұрпаққа жеткізу, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриотық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынан қиылған, жат жерде көз жұмған қандас, қарулас азаматтарымызды еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге Ауған соғысының қаһарманы, көрнекті әскери қайраткер, генерал- лейтенант Бақытжан Ертаевтың батырлығы мен азаматтық бейнесі жан-жақты әрі деректі негізде шынайы суреттелген Бақытбек Смағұл мен Мырзахан Ахметтің «Намыстың құлы, Алаштың ұлы» атты кітабы, бейбітшілік кезеңде Ауғанстанда және де басқа соғыс әскерлері болған елдерде қаза тапқан және әскери интернационалдық борышын өтеген жауынгерлерге арналған «Тағзым» кітабы, «Ауған соғысы» туралы жан-жақты, жалпы ақпарат беретін, соғысқа қатысқан қазақстандықтардың қысқаша өмірбаяндары айшықты суреттермен толықтырылған «Даңқ» энциклопедиялық анықтамалығы, Б.Смағұлдың ерлік пен елдік мұраттары өзек болған «Оқ пен Отан» деп аталатын жыр жинағы, т.б. кітаптар мен мерзімді басылымдардан мақалалар мен фотосуреттер қойылды.
Ауған соғысы - жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын беттер... Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы - Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық!
|