ОМАРОВ ҚАЛИ
1962 жылы 6 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. География ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор, жазушы. Тереңөзек ауданының Іңкәрдария кеңшарындағы №191 орта мектептің 1979 жылғы үздік түлегі. 1988 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің География факультетін «Құрғақ жер гидрологиясы» мамандығы бойынша және 2010 жылы Қызылорда гуманитарлық университетін «Юриспруденция» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының (қазіргі Сырдария ауданы) Іңкәрдария кеңшарында шопан-жастар бригадасының жетекшісі (1979-1980 жж.) болып бастаған. 1983-1985 жж. Қызылорда қаласындағы «ПМК-1601», «СУ ТЭЦ-6» құрылыс мекемелерінде және Іңкәрдария кеңшарында жұмысшы, 1988-1993 жж. Шымкент қаласындағы Бүкілодақтық күріш жүйелерін жобалау-іздестіру институты мен Қызылорда облыстық гидрометеорология орталығында инженер, 1993-2010 жж. Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтында (1996-1998 жж. Қызылорда политехникалық институты, қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) оқытушы, аға оқытушы, доцент, академиялық профессор қызметтерін атқарған. 2014 жылдан профессор міндетін атқарушы. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқу-әдістемелік басқармасының өндірістік практика меңгерушісі (2003 жыл, сәуір-қараша), ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау бөлімінің бастығы (2003-2008 жж.), «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының бірінші проректоры (2008-2009 оқу жылы), Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің бастығы (2009-2011жж.), ғылым департаментінің директоры (2011- 2012, 2017-2018 жж.), жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің бастығы (2012-2014жж.), ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры (2014-2017 жж.), ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор м.а. (2018-2019 оқу жылы) қызметтерін абыроймен атқарған. 2019 жылғы 2 қыркүйектен «Арал өңірі экологиясы және су ресурстарының проблемалары» ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымында. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ стратегиялық даму жоспарларын, ғылыми-инновациялық қызметін дамыту және ғылыми кадрлар даярлауды жетілдіру тұжырымдамаларын әзірлеушілердің бірі. Университеттің ғылыми қызметін үйлестіруде, ұйымдастыруда әрі әдістемелік қамтамасыз етуде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жоғары білікті маман ретінде де белгілі. Әдіскер - ғалым география саласы бойынша 36 ғылыми мақаланың, 3 оқу құралы, 12 ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектің, 1 патенттің авторы. «Ұлық Жолай» (2012), «Тектілер тағылымы» (2017) атты кітаптарының авторы. Соңғы жылдары еліміздің тұтастығы мен азаттығы жолында күрескен тұлғалардың өмірі мен азаматтық істерін зерттеп, олар туралы құнды мақалаларды жарыққа шығарып жүрген публицист, этнограф. Ғалым публицист ретінде 3 кітабы және 150-ден астам ғылыми, танымдық, публицистикалық мақалалары, очерктері мен эсселері «Қазақ тарихы», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы», «Ақиқат», «Жалын», т.б. журналдарда, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Дала мен қала», «Түркістан», «Ана тілі», «Сыр бойы», т.б. газеттерде, бірнеше ғылыми жинақтар мен энциклопедияларда жарық көрген. Сонымен қатар, 12 кітап пен ғылыми-танымдық басылымдардың құрастырушысы. Университет базасында өткізілген 200-ден астам халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың ұйымдастыру комитеттеріне мүше болып, оларды ұйымдық, ғылыми, әдістемелік қамтамасыз етуге тікелей ат салысты. 60 кітап пен ғылыми жинақтарға редакторлық жасады. 2004-2019 жж. «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Хабаршысы» ғылыми-әдістемелік журналының жауапты редакторы, 2010 жылдан республикалық «Ақмешіт хабаршысы» ғылыми-көпшілік журналының редакция алқасының мүшесі. ҚР Жоғары аттестаттау комитетінің шешімімен доцент ғылыми атағы (2004), Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Ғылыми Кеңесінің қаулысымен профессор академиялық атағы (2010) берілген. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2019), Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (2012), ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі (2013) және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академиялық кеңесшісі (2008). Еліміздің білім және ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен (2005), ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (2017), «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2012) және Алғыстарымен (2010, 2011), Қызылорда облысы әкімінің Алғысымен (2017), ҚР Ұлттық инженерлік академиясының «Қазақстанның құрметті инженері» төсбелгісі (2016), «Құрмет» грамотасы (2007), «Қазақ хандығына 550 жыл» (2015), Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен (2015), «Қызылорда қаласына 200 жыл» (2018), ҚР ЖОО Қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы Алтын медалімен (2019), «Ерен еңбегі үшін» (2020) медальдарымен марапатталған. Әдебиеттер: Омаров, Қ. Тектілер тағылымы / Қ. Омаров. – Қызылорда : Ақмешіт, 2017. – 444 бет Омаров, Қ. Ұлық Жолай (Тарих. Таным. Тағылым) / Қ. Омаров. – Қызылорда : Тұмар, 2012. – 228 бет *** Әбибуллаев И.С., Қылышбайұлы А. Сырдария. – Алматы: Халықаралық «Дала» журналының кітапханасы, 2006. -157,228,231 б. Қали Әбдірұлы Омаров //Дайрабай Т. Сыр перзенттері. –Алматы: Арыс, 2010. - 613-614 бб. Омаров Қали Әбдіұлы //Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары: Биобиблиографиялық анықтамалық: Бірінші шығарылым /Құраст.: Ж.Ә.Әбенова, Қ.Ә.Омаров. - Алматы, 2007. -267-268 б. Ақайұлы Ы. Қазақ ғылымы: кім, не, қайда, қашан?- Алматы, 2007.- 1-ші кітап. – 182 б. Қартабаева Ж. Білім бәсекеге қабілетті шыңдайды //Ақмешіт ақшамы.- 2008.- 29 сәуір (№ 24). Омаров Қали Әбдіұлы //Сырдария (Тереңөзек) ауданы: Шежіре. – Алматы: Арыс, 2009. – 171, 244 бб. Әбзейітов, Т. Абырой биігінде [Мәтін]: Ғалым, профессор Қали Әбдіұлы Омаров туралы / Т. Әбзейітов // Халық.- 2012. - 1 наурыз. - 8, 10 б. Әріптестік қатынас бірлігімізді нығайтады //Сыр бойы. - 2010. - 7 желтоқсан Дауылбайқызы М. Тарихты таразылаудың тағылымы мол // Сыр бойы. - 2015. - 14 наурыз. Кәрібозұлы Б. Қалам қайраты // Сыр бойы.- 2017. -16 мамыр. Кәрібозұлы Б. Кеудесі күй-қазына қаламгер // Түркістан. -2017.- 1 маусым (№22). Қошқаров, С. Ұстанымына берік азамат / С. Қошқаров // Сыр бойы. – 2022. - 1 наурыз (№ 33). - 3 б. Қорқыт ата атындағы Қызылорда унив. ғылым департ. проф., географ. ғыл. канд. Қали Әбдіұлы Омаров жайлы. Мыңжасов, Н. Ақыл айнасынан түскен сәуле: Қорқыт ата атындағы ҚМУ Ғылым департаментінің директоры Қали Омаров жайлы / Н. Мыңжасов // Сыр бойы.- 2012. - 3 наурыз. - 13 б. Сағынғали іздеген сарбаз //Сыр бойы. - 2010. -24 сәуір (№79-81). Сейітжанұлы Д. Азаттық күресі жайлы ақиқат // Сыр бойы. - 2015. - 31 қазан. Сол жігіт қазір бар екен // Ленин жолы. - 1980. – 9 мамыр (№91). Тебегенов, Т. Таным мен пайым / Т. Тебегенов // Prezident & HALYQ. – 2019.- 7 ақпан (№ 5).- 5 б. Ұстаз-ғалым Қ.Омаровтың "Таным мен пайым" атты тарихи-көсемсөздік очерктері мен эсселері жинақталған кітабы жайлы сөз. Тебегенов, Т. Тарихи таным тағылымы / Т. Тебегенов // Сыр бойы. – 2019.- 26 ақпан (№ 29 ).- 3 б. Тұяқбаев, Ғ. Ұлт руханиятын жоқтаушы / Ғ. Тұяқбаев // Қазақ әдебиеті. – 2022. - 4 наурыз (№ 9). - 22 б. |