Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 4-9 ақпан аралығында «Тәжібаев оқулары» апталығы ұйымдастырылды. Осы апталық аясында 7 ақпан күні оқу залы бөлімінде, қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, жерлесіміз Ә.Тәжібаевтың «Тасты басып кетілген, Сазды басып жетілген, Арғымақ ақын Әбеке?» атты жыр кеші өтті.
Кешке жергілікті ақын – жазушы ағаларымыз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Махмұтбай Әміреұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қатира Жәленова қатысты.
Қонақтар мен оқырман қауым экраннан Ә.Тәжібаевтың Сыр өміріне келген кезіндегі деректі фильмінен үзіндіні тамашалап, Әбділдә атамыздың даусын естіп, ақынмен бір сәт кездескендей әсер алды.
Жыр кешін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қаршыға Есімсейітова жүргізді.
Кеште ақын шығармаларынан өлеңдер оқылды.Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті Тәуекелов Азамат ақынға «Арнау» шығарып, оқырмандар алдында тұсау кесерін жасаса, Қызылорда гуманитарлық колледжі студенті Қасымов Жантас, «Болашақ» университетінің студенті Абдумаликова Назерке, Зиянсызова Бибісара ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Қорқыт - Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Сүгірбай Марат Тұрмағамбеттің рубаиларын қобыз аспабында орындап, оқырмандар ықыласына бөленді.