Бағланова РозаРоза Бағланова Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы 1 қаңтарда туған. Ол Қызылорда педагогикалық институтында оқығаннан кейін 1941 жылы Ташкент филармониясы ән-би ансамблінің әншісі болды. Р.Бағланова бұл ансамбльдің құрамында Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ән салды, Мәскеу түбінде шайқасқан панфиловшы жауынгерлер алдында концерт қойды, 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында ерекше танымал болды. 1947-1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының солисі болды. Р.Т.Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді. Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Аса танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қызмет жүргізді. Ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің II бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Р.Бағлановаға арнап сазгерлер - Ә.Есебаев, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқов, Б.Жамақаев, Н.Тілендиев ән жазған. Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталды, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын иеленді. Танымал опера және эстрада әншісі, КСРО, Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Роза Бағланова 2011 жылдың 8 ақпанында 89 жасында дүниеден өтті. Әнші тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды. |