Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 24 қазан күні «Мәңгілік елдің болашағы» атты әдеби сайыс болып өтті.
Әрбір мемлекеттің дамуы тек оның экономикалық көрсеткіштерімен емес, сонымен бірге әдеби, мәдени көрсеткіштерімен де есептелінетінін ескеретін болсақ, жастардың осы саладағы қабілетін саралап, шын жүректен шыққан жалынды поэзияны, орынды шешендікті қолдауымыз қажет. Қазақ жастары білімді, жан-жақты дамыған әрі дарынды. Біздің еліміздің болашағы солардың қолында. Ендеше әдебиет, мәдениет, өнер әлемінде де бәсекеге қабілетті болуымыз керек.
Өткізілген мәдени шараның мақсаты сөз қадірін білетін, өнерлі жастарды бір ортаға жинап, шығармашылық деңгейін көтеруге, рухани-әдеби ортаның қалыптасуына, жас дарындардың жаңа көзқарастарын дамытуға жағдай жасау. Осы тұрғыда жыл сайын кітапханада қаламыздағы жоғары, орта оқу орындары студенттерінен «Жаухазын-Ғұмыр» жас шығармашылық клубына жастарды тарту, іріктеу жүргізіледі.
Биылғы өткізілген шараға қаламыздағы «Өркениет» медициналық, Қызылорда көпсалалы «Ұлағат» және И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледждері қатысты.
Жүзден жүйрік шығып өз өнерімен көпшлік көңілінен шыққан жастарды атайтын болсақ, олар: жүргізушілер сайысынан «Өркениет» медициналық колледжінің студенті Бакрамова Аружан. Мәнерлеп оқу сайысынан «Ұлағат» Қызылорда көпсалалы колледжінің студенті Мырзағали Ақтоты. Әдеби қойылымдар сайысынан И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенттері.