Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Волонтер жылы» аясында «Әлемді бірге өзгертеміз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты - еріктіліктің әлемдік тәжірбиесін, қазақ даласындағы көмек көрсетудің дәстүрлік көрнісін, жастарға әсері мен оңтайлы жағын жекелеген тақырыптар аясында көрме арқылы жеткізу. Кітап көрмесі бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Әлемді мейірім құтқарады» деп аталады. Мұнда әлемдегі және Қазақстандағы волонтерліктің тарихын, сонымен қатар қазақтың асар дәстүрі волонтерлықпен үндесетінін, ата-баба дәстүріне құрмет көрсету жайлы әдебиеттер ұсынылды.
«Еріктілік – адамгершілік негізі» атты бөлімде жастарға адамгершілік-рухани тәрбие беріп, ұлтжандылыққа, имандылыққа, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерді дәріптейтін басылымдар әдебиеттер орын алған. Волонтер болу әрбір қазақ баласының бойында бар ар-ұят, рух, намыс, имандылық, тәрбие, қамқорлық, адамгершілік,сияқты ұлы қасиеттердің негізінен туындаған дүние. Осы орайда, әрбір өскелең ұрпаққа ой салатын ұлттық рухымызды асқақтатып, дүние таныған Мәңгілік Ел болудың қам-қарекеті жөніндегі мәселелері айтылған У.Қалижановтың «Ұлт рухы», О.Асанғазықызының «Ұлт тұмары», Ұ.Сыдықовтың «Ұлттық рух және ақпараттық кеңістік» атты кітаптарын оқуға болады.
Жастарды көшбасшы болуға үйрететін, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тәжірибелі мамандардың бизнесті құру туралы кеңестері және табыс пен жетістіктерге жетудің құпиялары туралы басылымдар «Табыс құпиялары» атты бөлімге қойылған. Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» («Думай и боготей») атты кітабы өз заманының ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа қызмет ететін туындыға айналды. Бұл кітапта Н.Хилл оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады. Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабы - жеңіске жетудің қазақша жолы. Автор жеке тәжірибесімен бөлісе отырып, жастарға «Өзіңді қалай дамыту керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
Ал адам өз өмірін өзгертуді қаласа «Менің өмірімді өзгерткен кітап» бөлімдегі кітаптарды оқып танысуға болады. К.Бекжігітованың «Жақсы сөз -жарым ырыс» кітабында жұрттың денін мазалаған аурудың сырын ғана айтып қоймай, одан айығудың жолын көрсетеді.
«Жастар оқитын кітаптар» атты бөлімге әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары және түрлі жанрдағы шығармалар қойылған. Кітап көрмесі жастарды өзіндік ой қорытуға, дүниетанымын кеңейтіп, ізденуге бағыт береді.